Ұлттық ұланның жауынгерлері қызметтерін сәтті аяқтады

Осы уақыт аралығында 5513 әскери бөлімінің 1-2025 шақырылымының сарбаздары 256 қызметтік-жауынгерлік тапсырманы сәтті орындады. 65 рет бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде 2025 жылғы көктемгі шақырылым сарбаздары әскери қызметін аяқтап, запасқа шығарылуға дайындалуда. Бір жыл ішінде олар қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, режимдік нысандарды күзетіп, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қызмет атқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осы уақыт аралығында 5513 әскери бөлімінің 1-2025 шақырылымының сарбаздары 256 қызметтік-жауынгерлік тапсырманы сәтті орындады. 65 рет бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

Патрульдік-бекеттік қызмет барысында ішкі істер органдарына 574 азамат жеткізілсе, олардың 72-сі қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің маңында режимдік нысандар аумағына тыйым салынған заттарды лақтырудың 38 әрекетінің жолы кесілді.

Бір жыл ішінде жүздеген сарбаз әскери борышын абыроймен атқарды. Олардың арасынан қызметтегі жетістігімен көпке үлгі болған үш жауынгерді ерекше атап өтуге болады.

Көкшетау қаласынан әскер қатарына шақырылған қатардағы Нұрболат Мұраттың арбадағы баланы жұбатқан сәті бейнеленген видеосы әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әскерге дейін қоғамдық тамақтану саласында еңбек еткен Нұрболат Ұлттық ұлан сапында аспаз мамандығын меңгерді. Ұландықтың оқиғасы әскери қызметшілердің адамгершілігі мен жанашырлығының жарқын көрінісіне айналды.
Қатардағы Бейбарыс Рахым Шымкент қаласынан әскер қатарына шақырылған. Әскери ант қабылдау рәсімінде-ақ оған мерзімді қызмет сарбаздары арасындағы Жауынгерлік ту ұстаушылар тобын басқару сеніп тапсырылған еді. Бүгінде ол ҚАЖ мекемесінің бақылау-өткізу пунктінде қызмет атқарып, режимдік нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Қатардағы Нұрдәулет Көшербай да Шымкент қаласынан шақырылған. Әскерге дейін дзюдомен кәсіби түрде айналысқан ол бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзететін бөлімше құрамында қарауыл қызметін атқарады. Сарбаздың айтуынша, әскери қызмет тәртіпке үйретіп қана қоймай, өз мүмкіндігін жаңа қырынан тануға жол ашқан.

Алдағы күндері сарбаздар туған өлкелеріне оралады. Бір жылдық қызмет әрқайсысының жадында сан түрлі әсер қалдырғанымен, оларды біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – азаматтардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қамтамасыз ету.

Жалпы, өткен жылы еліміздің барлық өңірлерінде қызмет ететін ұландықтар Ішкі істер органдарына 18 мыңға жуық құқық бұзушыны жеткізді, олардың 700-ден астамы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Патрульдік-бекеттік қызмет бойынша 3 308 тапсырма орындалып, 985 бұқаралық іс-шараның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Заңсыз айналымнан 308 суық және атыс қаруы тәркіленіп, есірткі заттарын сақтау мен тасымалдаудың 153 фактісі анықталды. Сонымен қатар құқықтық тәртіп әскері 39 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі мен бір өндірістік нысанның күзетін қамтамасыз етуде.

Бір жыл бұрын әскери ант қабылдап, сапқа тұрған сарбаздар бүгінде шыңдалған, жауапкершілігі жоғары азамат. Ал олардың әскери жолы кейінгі буынға үлгі болып қала береді.