"Ат таптап кеткен": Астана маңындағы бәйгеде 3 жасар бала зардап шекті

Күдікті кешірім де сұрамаған.

Астана іргесіндегі Талапкер ауылында өткен бәйге кезінде 3 жасар баланы ат таптап кетіп, ол ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап. 

Баланың анасы Салтанат Ибраева бұл оқиға кезінде ұлы үйдің маңында 8 жастағы әпкесімен ойнап жүргенін айтты.

Айтуынша, сол сәтте көшеде ұйымдастырылған бәйге аттардың бірі баланы қағып кеткен. Салдарынан баланың басы жарақаттанып, қолы сынған. Сондай-ақ  ішкі ағзасы зақымданған.

"Балаға бірнеше ота жасалған. Бұған кінәлі адам заң алдында жауап беруі керек. Күдікті осы уақытқа дейін кешірім де сұрамады", – дейді  Салтанат Ибраева.

Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.