«Кітап оқитын ұлт» жобасы Ұлытауда жалғасын тапты

Ұлттық сананы жаңғыртуды көздеген «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы — бұқараның рухани мәдениетін көтеріп, кітапты серік еткен зиялы қоғам құрудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.

Жоба аясында өңірлер арасында қарқын алған әдеби эстафета ресми түрде Ұлытау облысына жетті. Осыған дейін эстафета тізгінін ұстаған Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев кезекті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа жолдаған болатын. Шығыс Қазақстан облысының басшысы әдеби аманатты жауапкершілікпен қабылдап, оқырман қауымға «Алтайдың Кербұғысы» атанған көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің әйгілі “Кербұғы” шығармасын оқуды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ”Кітап оқитын ұлт” идеясын толық қолдайды. Өйткені кітап оқыған адам тек білім алып ғана қоймай, өз таным көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісін байытады», – деп атап өтті өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

 Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі әдеби эстафета жолын әрі қарай жалғастыру үшін жоба тізгінін Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлына табыстады.

 Өткен кезеңде Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев оқырмандарға Клаус Швабтың “Төртінші индустриялық революция” кітабын оқуды ұсынған еді. Аталған туынды бойынша «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде арнайы викторина ұйымдастырылды. Дегенмен  сайыс барысында жүргізуші қойған сұрақтарға тікелей эфирге хабарласқан көрермендер тарапынан дұрыс жауап табылмады. «Кітап оқитын ұлт» жобасының кезекті кезеңі де оқырман қауымды бағалы сыйлықтармен қуантуды жалғастырады.

 Келесі жұма күні сағат 07:00 мен 09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы тікелей эфирінде Оралхан Бөкейдің “Кербұғы” шығармасы бойынша интеллектуалдық сайыс өтеді. Кітапты мұқият оқып, викторинаға қатысыңыз! Бас жүлде — соңғы үлгідегі IPHONE смартфоны! Кітап оқып, зияткер ұлттың бір бөлшегі болуға асығыңыздар!