Жабал Ерғалиев: Елдің басты мақсаты – тәуелсіздік пен тұтастықты сақтау

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы құрылған күннен бастап ауылдарды дамытуға, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласын қолдауға елеулі үлес қосты.

Бүгін Астанада өткен «AMANAT» партиясының кезекті съезіне қатысқан қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев партияның ел дамуындағы рөлі мен саяси күштердің бірігуінің маңызы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы құрылған күннен бастап ауылдарды дамытуға, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласын қолдауға елеулі үлес қосты. Сонымен қатар қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау арқылы ел сеніміне ие болған саяси ұйымға айналды.

Жабал Ерғалиев 2019 жылдан бері елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңызына тоқталып, ұлттық құрылтайлардың ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Ұлттық құрылтайларда ұлттық мүдде, мемлекеттік мүдде мәселелері көтеріліп, қоғамда адал азамат, адал еңбек, адал табыс, Таза Қазақстан сияқты маңызды құндылықтар дәріптелді. Бұл бастамалар халықты еңбекқорлыққа, білімге және отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталды», – деді ол.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының саяси күштердің бірлігі туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Бүгінде әлемде күрделі геосаяси үдерістер жүріп жатыр. Осындай жағдайда ел ішіндегі бірлікті сақтау, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан саяси күштердің бірігуі – уақыт талабы», – деді Жабал Ерғалиев.

Оның пікірінше, ел үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік пен мемлекеттің тұтастығы.

«Біздің басты мақсатымыз – елдің тұтастығын, мемлекеттің тұтастығын және тәуелсіздікті сақтау. Осыдан асқан маңызды міндет жоқ», – деді ол.

Қоғам қайраткері соңғы жылдары өңірлерде оң өзгерістер байқалып жатқанын атап өтіп, мемлекет жүргізіп отырған реформалардың нәтижесі көріне бастағанын айтты.

Сөз соңында Жабал Ерғалиев жастарға ерекше тоқталып, ел болашағының жастардың қолында екенін жеткізді.

«Біз өткеннен гөрі болашаққа көбірек қарауымыз керек. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан жастарымыз аман болып, өсіп-өркендей берсін», – деді ол.