Сенім кеңістігі және ортақ болашақ

Бүгінгі әлем бұрынғыдан да өзара тәуелді. Бір елдегі су тапшылығы екінші елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Бір өңірдегі тұрақсыздық көршілес мем­ле­кеттердің экономикалық дамуына ықпал етеді.

Сон­­дықтан XXI ғасырда табысты мемлекеттер өз мәсе­лесін ғана шешетін емес, ортақ сын-қатерлерге ортақ жауап ұсына алатын елдер ретінде бағаланады. Кейде тарихтың үлкен бетбұрыстары көзге бірден байқала қоймайды. Уақыт өте келе ғана олардың тұтас өңірдің тағдырына, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына және болашақ даму бағытына әсер еткенін аңғарамыз. Бүгінде Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орта­лық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақ­саттары жөніндегі өңірлік орталығының құрылуы – осындай стратегиялық шешімдердің қатарына жатады.

Бұл бастама ең алдымен Қазақ­станға деген халықаралық сенімнің көрінісі. Өйткені ха­лықаралық ұйымдар өздерінің өңірлік институттарын орналас­тыру кезінде елдің экономика­лық мүмкіндігін ғана емес, сая­си тұрақтылығын, сыртқы сая­­саттағы беделін, халықара­лық міндеттемелерге адалдығын және өңірлік ықпалын ескереді.

Соңғы жылдары Орталық Азия жаһандық саясаттың маң­ызды кеңістіктерінің біріне айнал­ды. Энергетика, көлік дәл­із­дері, су ресурстары, кли­мат­тың өзгеруі, азық-түлік қау­іп­сіздігі сияқты мәселелер өңір мемлекеттерінің ғана емес, халық­аралық қауымдастықтың да ортақ күн тәртібіне шықты. Мұндай жағдайда Қазақстанның жауапкершілігі де артып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблея­сының мінберінен сөйлеген сөз­інде Орталық Азия мен Ауған­с­тан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл ұсыныс халық­аралық қоғамдастық тара­пынан қолдау тауып, бүгінде нақ­ты институционалдық ше­шім­ге айналды.

Өңірлік орталықтың Алматы қаласында орналасуы да заңды таңдау деп білеміз. Алматы та­рихи тұрғыдан халықаралық ынты­мақтастықтың, диплом­а­тиялық байланыстардың және сарапшылық пікірталастардың маңызды алаңы болып келеді. Қалада БҰҰ жүйесінің бірқатар құрылымы мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істейді. Сондықтан жаңа орта­лық­тың қызметі қолданыстағы инфра­құрылыммен және халық­­аралық институттармен таби­ғи сабақтастықта дамиды.

Қоғамда кейде мұндай жоба­лардың қаржылық тиімділігі туралы сұрақтар қойылады. Ал­айда мемлекет дамуының стра­тегиялық мәселелерін қыс­қа­мерзімді шығын өлшемімен баға­лау әрдайым дұрыс бола бермейді. Тарих көрсеткендей, халықаралық бедел, сенім капи­талы және институционалдық ық­пал көптеген жағдайда тіке­лей экономикалық көрсеткіш­тер­ден де маңызды рөл атқара­ды.

Қазақстанның орталық қыз­метін қамтамасыз етуге бағыт­талған қаржылық міндет­теме­лері нақты айқындалған және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Ең бастысы, бұл қаражат өңірге халықаралық жоба­ларды, инвестицияларды, гранттарды және сараптамалық ресурстарды тартуға мүмкіндік беретін тетік ретінде қарас­ты­рылуға тиіс.

Жаңа орталықтың қызметі БҰҰ құрылымдарының жұ­мыс­ын қайталамайды. Керісінше, оның негізгі миссиясы – түрлі бағдарлама мен бастаманы үй­лес­тіру, мемлекеттер арасын­дағы өзара іс-қимылды күшейту және орнықты даму саласын­дағы күш-жігерді бір арнаға тоғыстыру.

Бүгінде әлем алдында тұрған күрделі сын-қатерлердің басым бөлігі шекара таңдамайды. Су тапшылығы, климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, көші-қон үдерістері немесе азық-түлік тұрақтылығы сияқты мә­се­лелерді бір елдің жеке өзі шеше алмайды. Сондықтан халықаралық ынтымақ­тастық­тың жаңа институттары бұрын­ғыдан да маңызды болып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, Сенат жанындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі комис­сияның қызметі ерекше мәнге ие. Комиссия құрылған уақыттан бері БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыру мәселелерін заңнамалық және парламенттік тұрғыдан сүйемелдеудің тиімді алаңына айналды.

Комиссия отырыстарында әлеуметтік саясат, инклюзивті қоғам құру, денсаулық сақтау, сапалы білім беру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, климаттың өзгеруі, су қауіп­сіз­дігі және өңірлік даму мәсе­ле­лері тұрақты қаралып келеді. Бұл бағыттың барлығы Орнық­ты даму мақсаттарының негізгі басымдықтарымен үндес.

Сондықтан Алматыдағы Өңір­лік орталық пен парламент­тік комиссия қызметі өзара тол­ықтыратын екі маңызды инс­­титутқа айналмақ. Бірі халық­­аралық деңгейде өңірлік үйлес­тіру міндетін атқарса, екіншісі ұлттық деңгейде заңнамалық және парламенттік қолдауды қамтамасыз етеді.

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Қа­зақ­стан үшін өңірлік орталықтың ашылуы тек халықаралық бед­елдің артуы  емес. Бұл – қазақ­стандық мамандардың БҰҰ жүйесіндегі қатысуын кеңей­туге, жаңа кәсіби тәжірибе жи­нақ­тауға және жаһандық дең­гей­дегі шешім қабылдау про­цес­теріне белсендірек арала­суына мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақ­стан ядролық қарусыздану, өңір­лік қауіпсіздік, конфес­сиялық диалог, халықаралық меди­а­ция сияқты бағыттарда өзін жауапты мемлекет ретінде таны­та білді. Ендігі кезекте ор­нықты даму мәселелері де елі­міздің халықаралық бастама­ларының маңызды бөлігіне айналып отыр.

Шын мәнінде, бұл орта­лық­тың ашылуы – Қазақстанның географиялық орналасуының ғана емес, саяси кемелдігінің, дипломатиялық тәжірибесінің және халықаралық жауапкер­шілігінің мойындалуы.

Бүгінгі әлемде ықпал ету күші­нің жаңа өлшемдері қалып­тасуда. Мемлекеттің қуаты оның табиғи байлығымен неме­се әскери әлеуетімен ғана емес, адамзаттың ортақ мәселелерін шешуге қаншалықты үлес қоса алатынымен бағаланады.

Алматыда ашылатын БҰҰ-ның Өңірлік орталығы – Қазақ­станның дәл осындай мем­ле­кеттер қатарына нық қадам басқанын білдіретін маңызды белес. Бұл – бүгінгі буынның ғана жетістігі емес, келешек ұрпаққа қалатын стратегиялық мұра.

Өйткені тарих мемлекет­тер­дің байлығын емес, олардың өр­кениеттің ортақ игілігіне қос­қан үлесін көбірек есте сақ­тай­ды.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Парламент Сенатының депутаты,

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және

қауіпсіздік комитетінің мүшесі