Рисмаштағы қасірет: Сабақ алар сәт қашан?

Қызылорда қаласындағы Рисмаш шағынауданында алты жасар қыздың суға кетіп қаза болуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Бұл қайғылы жағдай балалар қауіпсіздігі мен су айдындарындағы бақылау мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Бейкүнә бүлдіршінді іздестіру жұмыстары үш тәулікке созылды. Балғын ғұмырдың аман табылуына алаңдаған тұрғындар іздеу шара­ларына белсенді қатысты. Құзырлы органдар тарапынан да жұмыстар жедел ұйымдастырылып, 495 адам, 17 техника, 3 қайық және 3 кино­логиялық топ жұмылдырылды.

Өкінішке қарай, елді елеңдет­кен жағдай ел күткендей жақсы нәтиже көрсетпеді. Бүлдіршіннің денесі жоғалған жерден шамамен 30 шақырым төмен орналасқан «Әйтек» су торабы маңынан табылды. Бұл жағдай дария мен су арналары маңындағы қауіпсіздік жүйесінде әлі де шешімін таппаған түйткілдердің бар екенін көрсетті. Әсіресе, тұрғын үйлерге жақын орналасқан қауіпті аймақтарда бақылау мен қорғаныс шаралары­ның жеткіліксіздігі байқалды. Кейбір жерлерде бейнебақылау камералары мүлде орнатылмаған немесе олардың саны жеткіліксіз.

Жалпы, мұндай жағдай өңірде алғаш рет болып отырған жоқ. Жыл сайын Сырдария мен түрлі су ар­налары адам өміріне қауіп төндіріп келеді. Биылдың өзінде бірнеше адамның суға кету фактісі тіркелген.

Дегенмен су қауіпсіздігі мә­селесі мүлде назардан тыс қалып отыр деуге болмайды. Облыс аумағында 19 ірі канал, 220 шағын канал және 207 көл бар. Мамандар жүргізген зерделеу нәтижесінде 63 қауіпті учаске анықталып, оларға ескерту белгілері мен билбордтар орнатылған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өңірде әр шомылу маусымы қарсаңында профилактикалық жұмыстар кү­шей­тіледі. Алайда қайғылы оқиға­лардың жалғасуы қолданыстағы шаралардың жеткіліксіз екенін аңғартады. Себебі мәселе тек ескерту белгілерін орнатумен немесе рейдтер өткізумен шешіл­мей тұр.

Негізінен, қала тұрғындары тарапынан қауіпсіз әрі қолжетімді жағажайлардың тапшылығы тура­лы мәселе жыл сайын көтеріліп келеді. Бұл тұрғыда Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мәліметінше, бүгінде қала аумағында рұқсат етілген 15 демалыс орны жұмыс іс­тейді. Сонымен қатар тұрғын­дардың бірнеше жылдан бергі бас­ты сұранысына айналған Тасбөгет кентіндегі «Эдельвейс» жағажайын іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Алайда жүргізілген зерделеу нәтижесінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жағажай­дың суға түсу маусымына толық дайын еместігін анықтаған. Қазір анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Сыр самалы» жағажайын реконструкциялау және Көксу аймағын жағажай талаптарына сәйкес заңдастыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынған.

«ҚР Экология департаментінің ке­лісімі, Арал-Сырдария бассейн­дік инспекциясының рұқсаты және «Су объектілері мен су шаруа­шылығы құрылысындағы көпші­ліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» қаулыға сәйкес, жағажайға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда, жоғарыда аталған қаулы негізінде 1 маусым күні Қызыл­орда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасы төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мамандарымен «Эдельвейс» жағажайының суға түсу маусымына дайындық дең­гейіне зерделеу жүргізді. Зерделеу нәтижесінде төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мамандары тарапынан жағажай суға түсу маусымына да­йын еместігі жайлы акт толтырыл­ды. Қазір аталған акт ескертпелерін жою жұмыстары жүргізілуде. Со­ны­мен қатар «Сыр самалы» жаға­жайына реконструкция жұмыс­тарын жүргізу, ашық су айдыны Көксу аймағын жағажай талап­тарына сай заңдастыру шаралары қарқын алды», – дейді бөлім тарапы­нан.

Сондықтан қауіпсіз жағажайлар ашумен қатар, ашық су арналары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де басымдық берілуі қа­жет. Атап айтқанда, қауіпті аймақтарды қоршау, бейнебақылау жүйелерін орнату, жарықтандыруды күшейту, ескерту белгілерін көбейту және құтқару қызметтерінің жұмы­сын жетілдіру маңызды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы