Шаһар мәдениетінің жаңа деңгейі

Қазақстанда соңғы жылдары қоршаған ортаны қор­ғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жас­тар­дың саналы өмір салтын қалыптастыру мемлекет­тік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баста­масымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық бағдарламасы азаматтардың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға да серпін беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың қатарында Шымкент қаласы экологиялық бастамаларды қоғамдық қауіпсіздік пен жастар саясаты мәселелерімен ұштастыра отырып, кешенді жұмыстар жүргізіп келе жатқан өңірлердің бірі саналады.

Бүгінде Шымкентте қорша­ған ортаны қорғау мәселесі тек санитарлық тазалықпен шек­тел­мейді. Қалада экологиялық мә­дениетті қалыптастыру, жастар­ды зиянды әдеттерден қорғау, қоғамдық кеңістіктердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның айқын көрінісі ретінде жуырда ұйымдастырылған «Есірткісіз қала», «Таза Қазақстан» және «Эколог сағаты» республикалық акцияларын атауға болады.

Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – ортақ міндет

Қазір қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуы. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты есірткі саудасының жаңа түрлері пайда болып, заң­сыз айналым интернет кеңіс­тігіне ауысқан. Осыған байлан­ысты Шымкент қалалық По­л­иция департаменті мен Жастар ресурстық орталығының баста­масымен өткізілген «Есірткісіз қала» акциясы қоғамдық қауіп­сіздікті нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі бол­ды. Акция барысында ком­муналдық қызметкерлер, ерік­тілер, спортшылар және бел­сенді жастар қала көшелерін ара­лап, ғимараттардың қабырға­ларына, аялдамалар мен қоғам­дық орындарға жазылған есірткі сататын сайттар мен байланыс арналарының жарнамаларын жою жұмыстарын жүргізді. Бұл әрекет бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның қоғам үшін маңызы зор. Себебі дәл осындай жарнамалар арқылы жастар заңсыз ресурстарға бағытталып, қауіпті ақпараттың ықпалына түсіп жатады. 

Шымкент қалалық Полиция департаменті басшысының бір­ін­ші орынбасары Арман Бей­сенбаевтың айтуынша, бүгінгі күні есірткі бизнесінің басым бө­лігі әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформа арқы­лы жүзеге асырылады. Сон­дық­тан құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын күшейтуі уақыт талабынан туындаған қажеттілік болып отыр. Акция аясында жастармен кездесу ұйымдастырылып, есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, заң алдындағы жауапкершілік және саламатты өмір салтының артықшылықтары жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акция аясында қала­лық Жастар ресурстық орта­лығының басшысы Жансерік Жұман мен белгілі спортшылар Біржан Жақыпов және Арман Оспанов жастарды  спортпен шұ­ғыл­дануға, білім алуға және заңсыз әрекеттерден аулақ болу­ға шақырды. Бұл бастама қор­шаған ортаны қорғау мәселе­сі­мен де тікелей байланысты. Өйткені қауіпсіз әрі саламатты қоғам қалыптастыру – таза әрі қолайлы өмір сүру ортасын құру­дың маңызды құрамдас бөлігі.

Таза ауладан – таза санаға

Экологиялық мәдениет тек табиғатты қорғау шараларымен  өлшенбейді. Ол адамның өз ауласына, көшесіне, қоғамдық кеңістікке деген жауапкер­ші­лігінен басталады. Осы тұр­ғыдан алғанда, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақ­стан» акциясы тұрғындардың эко­логиялық сана-сезімін қал­ып­тастыруға бағытталған маң­ыз­ды қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Акция аясында Қаратау ауданындағы Жоғарғы Отырар шағынауданының тұр­ғын үйлерінде кең көлемді таза­лық жұмыстары жүргізілді. Аулалар қоқыстан тазартылып, шөптер орылды, ағаштар мен бұталар ретке келтірілді. Соны­мен қатар Бадам өзенінің жаға­лауы, Тассай және Еңбекші аудан­дарының аумақтарында сани­тарлық тазалық пен көрік­тендіру жұмыстары ұйымдас­тырылды.

Мұндай шаралардың маңызы бірнеше бағыттан көрінеді. Бір­іншіден, қаланың санитарлық жағ­дайы жақсарады. Екіншіден, тұрғындардың қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі артады. Үшін­шіден, қоршаған ортаны қорғау мәселесі қоғамның ортақ құндылығына айналады.

Экологтардың пікірінше, ірі қалалардағы экологиялық мәсе­лелердің басым бөлігі тұрғын­дардың тұрмыстық қалдықтарға немқұрайды қарауынан туын­дайды. Сондықтан экологиялық ахуалды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – тұрғын­дардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

«Жасыл» болашаққа бастар жол

Шымкент қаласында ұйым­дастырылған «Эколог сағаты» республикалық акциясы осы міндетті жүзеге асыруға бағыт­талған маңызды алаң болды. Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Эколог күніне орай М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің базасында өткіз­ілген шараға эколог мамандар, педагогтер, табиғат қорғау ұйым­дарының өкілдері және студент жастар қатысты. Іс-шара барысында экологиялық білім беру, қоршаған ортаға жауап­кершілікпен қарау және табиғат­ты қорғау бағытындағы заманауи тәсілдер кеңінен талқыланды. Жиынның ашылуында Шым­кент қаласы Білім басқарма­сының бөлім басшысы Айгүл Рүстемова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, қоршаған ортаны қорғау ісінде жастардың белсенділігінің маңыз­дылығына тоқталды. Ал  Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев «Қазіргі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі экологиялық ахуал, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы кеңінен әңгімеледі.

Жиында сарапшылар өңір­дегі экологиялық жағдайға тал­дау жасап, қоршаған ортаны қорғау саласында атқарылып жат­қан жұмыстар туралы ақ­парат берді. Әсіресе, студент жастардың қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу мәдениеті, эково­лонтерлік қозғалыстар және та­биғатты сақтау жөніндегі жоба­лары көпшіліктің қызы­ғу­шылығын тудырды. Бұл жастардың экологиялық мәселелерге бей­жай қарамайтынын және қоғам­дағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді. «Экологтан сұра» ашық диалог алаңы студенттер мен мамандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер экологиялық сауаттылықты арттырумен қа­тар, жастардың табиғатты қорғау ісіне белсенді араласуына ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде экологиялық мә­се­лелерді шешу тек мемле­кеттік органдардың немесе арнайы ме­кемелердің құзырындағы шар­уа емес. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, қалдықтарды басқару мәселелері әрбір азаматтың қатысуын талап етеді. Шымкентте қолға алынған бастамалардың ерекшелігі де осында. Мұнда экологиялық жұмыстар тек сенбілік өткізумен шектелмей, жастар тәрбиесімен, қоғамдық қауіпсіздікпен және азаматтық жауапкершілікті қалып­тастырумен сабақтас­ты­рылып отыр. Бұл – заманауи ур­банистік даму талаптарына сай келетін кешенді тәсіл. Бүгін­де қалада экологиялық мәден­иет­ті қалыптастыру бағытында білім беру ұйымдары, жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысы, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызметтер бір­лесіп жұмыс істеуде. Мұндай өзара іс-қимыл қоғамдағы экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан «Есірткісіз қала», «Таза Қазақстан» және «Эколог сағаты» сияқты баста­ма­лар қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және жастардың сана­лы өмір салтын қалып­тастыру ба­ғытындағы жұмыстардың өз­ара сабақтас екенін көрсетеді. Таза көше, қауіпсіз орта және экологиялық сауатты ұрпақ тұрақты дамудың басты кепілі. Сондықтан Шымкентте қолға алынған мұндай жобалар бір қала­ның ғана емес, тұтас елдің эко­логиялық мәдениетін қалып­тастыруға қосылған маңызды үлес ретінде бағалануға тиіс. Өйт­кені табиғатты қорғау – келе­шек ұрпақ алдындағы  мол жауап­кершілік.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы