26-27 маусымда «Астана Балет» театры театр маусымын «Алтын Гүл» балетінің премьерасымен – тарихи ескерткіштен, Ұлы Даланың мәдени мұрасынан және Қазақстанның бірегей табиғатынан шабыттанған заманауи қойылыммен аяқтайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Спектакль қазақ жерінің рәміздерінің біріне айналған, Қазақстан аумағында ежелден гүлдеп өсіп жатқан дала қызғалдағының – гүлінің бейнесіне назар аудартады.
Қойылым идеясы б.з. д. III-II ғасырлардағы Алтын тақтайшамен, Теңлік қорғандарынан табылған қызғалдақ бейнесімен байланысты. Бұл артефакт ғасырлар бойы ұрпақ жадында сақталған табиғи бейнелердің халық мәдениетінде қалай көрініс тапқанын шығармашылық тұрғыда ой елегінен өткізудің бастапқы нүктесі іспетті.
Сюжетке сәйкес, көптеген ғасырлар бұрын Зергер есімді шебер шексіз даланың ортасында өмір сүрген. Дала гүлінің сұлулығына тәнті болған ол өзінің қолөнерімен бұл бейнені мәңгіге қалдырды. Уақыт өте келе қызғалдақтың бейнесі табиғаттың сұлулығы, үйлесімділігі және жасампаз күші туралы идеяларды қамтитын танымал символға айналды.
Сахнада бұл оқиға би, музыка және визуалды бейнелеу тілімен ашылады. Басты кейіпкер Зергер сынақтарға, символдық кездесулерге және ішкі толғаныстарға толы рухани қалыптасу жолынан өтеді. Оның саяхаты адамның өзін-өзі тануына, шабыт іздеуге және ішкі тұтастыққа ұмтылуының метафорасына айналады.
Спектакльдің орталық бейнесі – қызғалдақ, ол кейіпкермен бірге жүреді, оның символдық мағынасын біртіндеп ашады. Ол жаңаруды, өмірдің сабақтастығы мен адамның қоршаған әлеммен байланысын бейнелейді. Бұл табиғи мұраға ұқыпты қарау қажеттілігін еске салады.
Хореограф Мукарам Авахри «Жусан», «От қыз», «Жібек жолы» сияқты балеттерінде де табиғат пен тарих тақырыбын қозғайды. Хореография мен сахналық режиссураны қоюдағы оның авторлық стилі терең идеяны, стандартты емес сюжетті және кейіпкерлердің бейнелерін ғана емес, сонымен қатар символизм мен құпияны өте айқын жеткізуге мүмкіндік береді. Көптеген ғасырлар бұрын шебер зергердің қолынан шыққан қызғалдақ бейнеленген қазына – шынайы артефакт.
«Алтын Гүл» спектаклі – театр репертуарындағы ерекше жұмыс, онда ұлттық бейне заманауи сахналық бейнеге ие болды. Бұл спектакль мәдени мұраны өзекті көркемдік формалар арқылы ашып, оны ұқыпты сақтауға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Музыка, хореография және көрнекі бейнелер тілі көрермен көңілінен шығатынына сенімдімін», – деп атап өтті театр директоры Тайыр Каратаев.
Қоюшы-хореограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мукарам Әбубахриева (Авахри) өз ойын былай сабақтады:
«Алтын Гүл» балеті біз үшін ерекше шығармашылық жобаға айналды. Оның негізінде қазіргі заманғы көркем тіл арқылы ұлттық бірегейлікті түсінуге деген ұмтылыс жатыр. Бұл табиғат сұлулығы, шабыт және оның мақсатын табу туралы әңгіме. Дала қызғалдағының орталық бейнесі әр сәттің құндылығын еске түсіре отырып, өмірдің нәзіктігі мен күшін бейнелейді. Спектакльдегі жұмыста ұлттық дәстүрдің классикалық балеттің, неоклассиканың және заманауи бидің көркем тәсілдерінің үйлесімді үндестігін табу біз үшін өте маңызды болды. Біз мәдени мұрамен байланысын сақтайтын және қазіргі көрерменге жақын әрі түсінікті қойылым жасауға ұмтылдық. «Алтын Гүл» көрермен қауымға жарқын эмоциялар, шабыт және қоршаған әлемнің сұлулығына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді деп сенемін».
Музыка авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, костюм суретшісі – Әйгерім Алтыбасарова.
Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.