Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург: Қаламның жүгі жеңіл емес

«Қыз жиырмаға толғанда», «Ғашықсыз ғасыр», «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар» спектаклі қалай асқақтаса, Сұлтанәлі Балғабаевтың есімі де қатар жарқырады.

Әсіресе, «Ең әдемі келіншек» Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарынан түспей, қаншама жыл көрерменнің сүйікті спектакліне айналды. «Ғашықсыз ғасыр» Фарида Шәріповаға арналып жазылса, «Ең әдемі келіншек» Лидия Кәденованың театрдағы тағдырына айналды. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың өмір жолы осындай әдемі кезеңдермен бірге өрледі. Ұзақ жылдар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқарды. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрген аяулы ұстаз сексеннің сеңгіріне келді. Қоғам мен қалам алдындағы жауапкершілігін бір сәт те ұмытпаған жазушымен мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік. 

– Сұлтанәлі аға, мерейлі жа­сы­ңыз құтты болсын! Әдебиетке бүкіл ғұмырыңызды арнап келесіз. Шы­ныңызды айтыңызшы, бүгінгі әде­биет қоғамды өзгертетін күш бо­лу­дан алыстап бара жатқан жоқ па?

– Бұл жөнінде екі түрлі пікір айтуға болады. Кеңес Одағы ке­зінде бізде бір ғана саяси партия болды. Ол партияның саясатына қарсы келетін ешқандай күш жоқ еді. Тек азды-көпті болса да ащы пікірлер мен өткір мәселелер жа­зушылар тарапынан айтылатын. Егер оған да мүмкіндік болмаса, қаламгерлер көкейдегі ойын көр­кем шығарма арқылы астарлап жеткізетін. Осының нәтижесінде жазушылардың халық арасын­­­да­ғы беделі мен әдебиеттің қоғам­дағы ықпалы айтарлықтай жоға­ры болды. Бұл жағдайды жетік аңғарған Үкімет әдебиетке әрқа­шанда ерекше көңіл бөліп, жазу­шыларды өз саясатын жүргізуге пайдалануға күш салды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның жаңа бас­шысы Колбинның басқа ешқайда бұрылмай, бірден Жазушылар одағына келіп, қаламгерлермен кездесу өткізуі – осының айқын көрінісі еді.

Ал қазір заман өзгерді. Халық атынан сөз сөйлеп, Үкімет алды­на неше түрлі өзекті мәселе қоятын саяси партиялар көбейді. Халықтың өзі де жоғары жаққа деген өкпе-назын көшеге шығып айта беретін, оған кедергі жасалса әлеуметтік желі арқылы шер тарқататын болды. Міне, осыған байланысты әдебиеттің қоғамды өзгертудегі ықпалы әлсіреді деуге бола ма? Меніңше, мүлдем олай емес. Керісінше, қазір қалам­гер­лерге жаңа шығармаларымен жарқырап көрініп, ұлттық әде­бие­тіміздің қоғамдағы ықпалын барынша күшейтуге толық мүм­кіндік туып отыр. Бұған нақты мысал келтірейік. Қазіргі қоға­мы­мызда елдің өсіп-өркендеуіне кедергі жасайтын келеңсіз жағ­дайлар бұрынғы заманмен са­лыстарғанда әлдеқайда көбейген. Әсіресе, жемқорлық барынша асқындады. Моральдық-адамгер­шілік тұрғыдан да азғындаудың көріністері жиі байқалады. Ең жақындарын өлтіру, кішкентай сәбилерге дейін ешкімді аямай зорлау сияқты адам түгілі мал да жасамайтын қылмыстар көбейді. Отбасындағы ажырасу жөнінен де дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарға шықтық деп «мақтана» аламыз. Кеңес Одағы кезінде мұндай жағдайлар өте сирек кездесетін. Өйткені ол кезде идеология күшті, тәртіп барынша қатаң болатын. Ал қазір бізде бұл екеуі де әлсіреген. Әсіресе, адам­ды адамгершілікке тәрбие­лейтін нақты идеология да, онымен айналысатын ешқандай заңды ұйым да жоқ деуге болады. Міне, осындай жағдайда жазушылар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Яғни қаламгердің жа­рық дүниеге әкелген әрбір жаңа туындысы халықты жамандықтан безіндіріп, жақсылыққа ынта­ландыратын барынша әсерлі әрі көркемдік сапасы жоғары дүние болуға тиіс.

– Сонда ұлттық болмысты сақтап қалуда әдебиеттің рөлі маңызды болуы керек пе?

– Бірден айтайын, өте ма­ңызды. Осыған орай, ұлттық бол­мыс деген бір халықтың бә­рінің бір тілде сөйлеп, әдет-ғұ­рып, салт-дәстүр мен дін жөнінен ешқандай айырмашылығы жоқ біртұтас болуы екенін атап айтуға тиіспіз. Міне, осы тұрғыдан кел­генде, қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің ұлттық болмысына ешқандай сызат түсірмеген. Мұны таңғаларлық жағдай деуге болады. Өйткені қазақтар атамза­маннан шығысында сонау Ал­тайдан басталып, батысы Еділ-Жайыққа дейінгі екі арасы сан мыңдаған шақырым болатын ұшы-қиырсыз кең далада көшіп, қонып өмір сүрген. Бірақ соған қарамастан олар қайда жүрсе де, бірауыз бөтен сөз қоспай, таза қазақ тілінде сөйлеген, қазақтың ежелгі әдет-ғұрпын да, салт-дәс­түрін де, дінін де сол қалпында ұстанған. Ал сонда ол замандағы қазақтардың өздерінің ұлттық болмысын соншалықты қадір­леп, қаз-қалпында сақтауына не көмектескен, кім қолдау жасаған? Міне, осы сұраққа жауап ізде­генде мәселе әдебиетке, нақты­лап айтқанда, сол замандар­да­ғы қазақтың ауыз әдебиетіне барып тіреледі. Яғни қазақтар ұлан-ғайыр кең даланың қай өңі­рінде жүрсе де өздерінің ұлттық батырлар жырымен, аңыз-ерте­гілермен, ән-күйімен сусындап, оларды жан дүниесіне, қаны мен жанына терең сіңірген; күнделікті өмірде осы шығармалардағы көркем тілді де, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен дінді де ешқандай бұзбай, қаз-қалпында қолдана­тын болған. Осының нәтижесінде қазақ халқы біртұтас ұлт ретінде бүгінгі заманға аман-есен жеткен еді. Өкінішке қарай, өткен елуін­ші жылдардан бастап қазақ хал­қының ұлттық болмысындағы мұндай біртұтастық бұзыла бас­тады. Әсіресе, айдың-күннің ама­нында қазақтардың өз ана тілінен безініп, өзге тілде сөй­леуге бет алуы кең тарады. Қазақ­тың ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да ескіліктің қалдығы деп мүлдем жоққа шығару үйреншікті жағдайға айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл жағдай толық түзеліп, керемет болып кетті дей алмаймыз. Керісінше, ұлттық болмысымыздағы бұрын­ғы келеңсіздіктердің қатарына енді дін жолында жүргендердің біразының шолақ шалбар киіп, қара жамылып жүруі қосылды. Міне, осындай жағдайларды ес­кере отырып, алдағы уақытты ұлт­тық болмысымызды аман сақ­тап, одан әрі нығайтуда әде­биеттің ықпалын күшейте беруді үнемі назарда ұстағанымыз жөн. 

– Ал қаламгердің ұлт алдын­дағы жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?! Мәселен, сіз өзіңіз әдебиеттегі жауапкершілікті не деп ұқтыңыз? 

– Бұл да ойландыратын мә­селе. Осыған орай, көкейде жүр­ген бір мәселені айта кетейін. Жазушылар одағына мүше бо­лып, бірақ ұзақ жылдардан бері ешқандай жаңа шығармасы жарық көрмеген, әдебиетіміздің жағдайы мен ұлттық-рухани мә­селелер жөнінде бірауыз сөз қоз­ғамаған жазушылар да кездеседі. Сонда қалай, жазушы атану еш­қандай жауапкершілігі жоқ, тек анда-санда Жазушылар одағы­ның мүшесі деген билетті көр­сетіп мақтану үшін ғана керек болғаны ма? Бұл өзін жазушымын деп есептейтін әрбір адам үшін ерекше ойландыратын мәселе.

Ал маған келетін болсақ, мен ақын-жазушы болуды бала ке­зімнен армандадым. Бірақ, әрине бұл арман-мақсатымның артында үлкен жауапкершілік бар деп ол кезде мүлдем ойлаған емеспін. Дегенмен қазір қарап отырсам, мұндай жауапкершілік менің жан дүниемде қолыма қалам алған күннен бастап біртіндеп қалып­таса бастаған сияқты. Бұған нақ­ты бір мысал айтайын. Мектеп бітірген соң ешқайда бармай туған ауылымда екі жыл шопан болдым. Сонымен бірге бұл жыл­дарда аудандық, облыстық га­зеттерде өлеңдерім жарияланып, жас ақын ретінде кәдімгідей та­нылып үлгердім. Және осы қой бағып жүріп, бұл жұмыстың да біраз қиындығын көрдім. Содан бір күні осы қиындықтарға бай­ланысты көкейге түйген ащы шындықтарымды қағазға түсіріп, Алматыдағы «Ленинші жас» газетіне жібердім. Бұл жазғаным газеттің 1965 жылдың орта ке­зіндегі бір санында «Қамқорлық ауадай қажет» деген тақырыппен жарық етіп шыға келді. Ол кезде газеттерде, әсіресе республи­ка­лық басылымдарда ащы шынды­ғы бар өзекті мәселе көтеру – кә­дімгідей үлкен оқиға. Соған орай бұл шағын мақалам кәдімгідей шу туғызды. Тіпті, «Сен қандай адамсың? Өлеңіңді жазып, неге тыныш жүрмейсің, әлде атыңды шығарайын деп пе едің?!» деп ренжігендер де болды. Бірақ шынымды айтсам, бұл мақаланы атымды шығарайын немесе бі­реуді сынап-мінейін деген оймен емес, күнделікті көріп-біліп жүр­ген келеңсіз жағдайларға шыдай алмағандықтан жазып едім. Және кейін де бұл «әдетімді» тоқтата алмай, жағымсыз жағдайды бай­қасам, оны шамам келгенше ай­тып, жазып, жариялап тұратын болдым. Осыған орай, шығарма­шылық жолымда прозалық және драмалық шығармалармен қатар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ана тілі және басқа да ұлт­тық мәселелері туралы бас­пасөз бетінде көптеген пробле­малық мақала жарияладым. Бұл мақала­ларымның біразы кезінде мем­лекеттік тапсырыс бойынша «Қа­зақтың қызыл кітабы» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Ал қалғандары кемінде екі том кітап болуға дайын тұр. Бұйырса, алдағы уақытта олар да газеттерге басылған күйінде қа­лып қоймай, жеке жинақ болып жарық көрер деп үміттенемін. Ең бастысы, осының бәрін ойла­ғанда жазушы ретіндегі ұлт алдындағы борышымды шамам жеткенше өтеген шығармын деп шүкіршілік етемін.

Кітаптың сапасы маңызды рөл атқарады

– Президент жуырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту» туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, Мем­лекет басшысы қол қойған бұл Жарлықтың маңызы жоғары. Жастардың кітап оқуға деген ықы­ла­сын арттыру үшін не істеген жөн?

– Жарлықта бұл сұрағыңызға тікелей қатысы бар екі мәселе атап көрсетілген. Олар: «Туын­дылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясы­ның негізгі қағидаттары мен ере­желерін құрметтеу рухында тәр­бие­леуге ықпал етіп жүрген отан­дық жазушылар мен ақын­дарды қолдау;

Баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталан­дыру».

Бұл екі мәселе де өте өзекті. Өйткені жас ұрпақты дүрыс тәр­биелеу үшін ең алдымен олар оқи­тын кітаптардың көркемдік сапасы барынша жоғары, айта­тын ойы, көтерген мәселесі өз елі­міздегі қағидаттарды құрмет­теу мен қазақтың бай да құнарлы тілін оқырманның санасына сі­ңіру бағытында болуға тиіс. Бұ­рын бізде бұл талап қатаң сақта­латын. Ал кейінгі уақытта қа­зақ­тың бай да құнарлы тілін аяқасты етіп шатып-бұтып жа­зыл­ған, кейіпкерлерінің іс-әре­кеті мен ұғым түсінігі де шынайы қазаққа мүлдем сәйкес келмейтін шалажансар шығармалар бір­шама көбейді. Мұндай шығар­ма­ларды оқыған жас ұрпақ ертең қандай болып өседі? Бұл ойлан­дырады. 

Осыған орай, Президент Жар­лығына сүйене отырып, қазіргі қолданыстағы «Қоғамдық маңы­зы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату бағдарла­ма­сы» бойынша жарық көретін кі­таптарға қойылатын шарт-та­лап­тарды қайта қарап, жетілдіру керек.

                                                                © коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ

Президент Жарлығындағы баспагерлер мен кітап таратушы­лардың қызметтерін ынталан­дыру жөніндегі мәселе де өте маңызды. Сонау 80- жылдардың аяғына дейін жазушылары­мыз­дың кітаптары 30 мыңнан бас­талып, 70-80 мыңға дейінгі та­ралыммен жарық көретін. Ал қазір мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы 2 мыңнан аспайды. Қазақстан­дағы кітапханалардың саны 12 мыңға жуықтайды. Ал сонда бір-екі мың таралым 12 мың кітап­ха­наның қайсысына жетеді? Кітап дүкендеріне қазақша кітаптар қалай түседі? Кітап оқығысы кел­ген жастар жоқ кітапты қайдан тауып оқиды? Өркениетті елдерде кітап шығару мен тарату креатив­ты индустрия негізінде жүзеге асырылады. Яғни кез келген кі­тап жарыққа шыққаннан кейін көптеп тарап, жұмсалған қаржы­ны ақтап, пайда әкелуге тиіс. Біз де кітап шығару мен таратуда осы жолға түсуіміз керек. Өкі­нішке қарай, мемлекеттік тап­сырыспен кітап шығаратын бас­палар бұған әлі жете алмай жүр. Соған орай, Президент Жар­лығының негізін­де кітап та­ралымын көбейтуге белсене кі­ріскен баспалар мен кітап та­ра­тушыларға қолдау көр­сетуге нақ­ты көңіл бөлу керек.

Бұрын бізде кітап шығарып, таратумен Баспа, полиграфия және кітап саудасы дейтін жеке комитет айналысатын. Қазір бұл жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі Құжаттама, архив және кітап істері комитеті жүргізеді. Бұған қарап кітап шығару құжаттама және архивтен кейінгі үшінші орынға ығысты­рылған деп қорытынды жасауға болады. 

Мұндай жағдайда халқымыз­ды кітап оқитын ұлтқа қалай ай­налдырамыз? Президент Жар­лы­ғындағы көрсетілген кітап оқу мәдениетін дамытуды қайтіп нақ­ты жүзеге асырамыз? Бұл да ой­ландыруға тиіс мәселе. 

Президент Жарлығында Үкі­метке 2027 жылғы 1 қаңтарға де­йін «Кітапхана және кітап шы­ғару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу туралы да тапсырма бе­рілген. Біз бұл заңнан да үлкен үміт күтеміз.

Бір халыққа ортақ әдебиет қалыптасуы керек

– Бұрын шығатын кітапқа талап қатаң болды. Әрі шығарма­ның мазмұнына да оқырман қатты көңіл бөлетін. Қазір ше? Қазақ әдебиетінде айтылмай, жазылмай жүрген тақырыптар бар ма? Қо­йылатын талап қандай?

– Бұл сұраққа негізінен әде­биеттанушылар мен сыншылар нақты жауап бере алады. Ал мен шетелдегі сан миллион қазақ­тар­мен байланыс жасайтын Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығында ұзақ жыл жұмыс істегенде жина­ған тәжірибеме сүйеніп сәл бас­қашалау әңгіме айтайын. Біз қазақ әдебиеті туралы әңгіме болса, Қазақстанның өз ішіндегі әдебиет туралы ғана сөз қозғай­мыз. Ал сонда Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын қазақ­тардың әдебиеті қайда қала­ды?! Мысалы, Қытай, Моңғолия, Өз­бекстан мен оған қарасты Қа­­рақалпақ­станда қазақша жаза­тын жазу­шылар жетіп артылады. Ресейдің Алтай сияқты аймақ­тарында да қазақша жазатын ақын-жазушы­лар бар. Міне, осылардың шы­ғар­малары қазақ әдебиетінің құрамына кіре ме, жоқ па?! Қазір бұл жөнінде әре­гідік шетелдегі қазақ әдебиеті деген азын-аулақ сөз айтылып қалады. Дегенмен бір халыққа ортақ ұлттық әде­биетті шекараға қалай бөлуге болады?! 

Міне, осы жағдайларды ес­кере отырып, алдағы уақытта жер жүзінің барлық өңіріндегі қа­зақша жазылған туындылардың басын қосып, тұтас бір қазақ әде­биеті ретінде қарастырып, қажет жағдайда шетелдегі қазақ жазушыларына қамқорлық пен қолдау жасауды нақты ойластыр­ған жөн. Бұған толық мүмкіндік бар. Мысалы, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы кезінде шет­елдегі қазақ жазушыла­­­рының шығарма­­ларын басып шығара­тын «Атажұрт» дейтін баспа ашып, мемлекеттік тапсырыс бойынша алыс-жақындағы қа­ламгерлердің біраз кітабын жа­рыққа шы­ғарған. Енді осы жұ­мысты қай­та жандандыруға әбден болады. Сонда әде­биет­­тегі бәсеке де күшейер еді. 

– Қалай ойлайсыз, ұлт­тың жадын сақтайтын негізгі күш тарих па, әлде көркем әдебиет пе?

– Меніңше, халықтың жа­дын сақтауда тарих пен көр­кем әдебиет бірін-бірі толық­тыратын екі қуатты күш. Яғни ең алдымен халықтың өткені туралы тарих нақты дәлелдері бар де­ректерге сүйене отырып ешқан­дай бұрмаланбай, барынша шы­найы қалпында нақты жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жетуі керек. Сонда ғана тарих ұлт жадын сақтауға дұрыс ықпал ете алады. Тарихшылар қауымы бұл маңызды міндетті ойдағыдай орын­дап келе жатыр деп есеп­теймін. Дегенмен ғылыми-зерт­теу ретінде қағазға түскен тарих қалың көпшілікке кеңінен тарай қоймайды. Соған орай, мұндай тарих әдеби туындыларға айна­лып кітап болып басылып, театр сахналары мен кино экрандары­нан көрсетіліп, қалың көпшілікке жаппай жетуге тиіс. Бұл міндет – өте жауапты. Тарихи еңбекте жо­ғары бағаланған тұлға роман не повестің кейіпкері болып жарыққа шыққанда бұрынғы атақ-даңқына сәйкес биік дең­гейде суреттеле ме, жоқ әлде сөзі де, өзі де ешкімді елең еткіз­бей­тін, тек қызыл сөзбен шежіре ай­тып сайрай беретін жай біреу болып көріне ме – бұл өте ма­ңызды. Тарихи тұлғалар туралы драмалық шығарма жазып, көр­кем фильм түсіргенде де бұл та­лап ерекше назарда болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тари­хы туралы жазылған зерттеу ең­бектері де, бұл жөнінде дүниеге келген әдеби көркем туындылар да бірі-біріне сай, барынша жо­ғары деңгейде болуы керек.

Жастарға айтар ақыл-кеңесім бар

– Бүгінгі жастарға (әдебиет­тегі) айтар арызыңыз бар ма?!

– Ешқандай арызым жоқ, бі­рақ азды-көпті ақыл-кеңесім бар. Мен жиырма жылға жуық Т. Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеле­дра­матургия мамандығы бойын­ша курс жетекшісі, профессор ұстаз болып жүрмін. Драматург және сценарист болғысы келетін жастарды оқуға түскен күннен бастап диплом алғанша үзбей оқытамын. Соған орай шәкірт­терімнің әдеби өмірге алғашқы қадам басып, бірте-бірте шығар­машылық тұлға ретінде қалып­та­суға бет бұрған төрт жылғы өмірі менің көз алдымда өтеді. Про­за­лық және драмалық шығармала­рымен жақсы танымал Әлішер Рахат – менің шәкірттерімнің бірі. Енді ол да менімен бірге Өнер академиясында ұстаз. Айдана Аламан, Мерей Қосын, Ілияс Қыдырбаев сияқты шәкірт­терім драматургия саласында жақсы жетістіктерімен көзге тү­сіп жүр. Айжан Ізімова да өзіммен бірге ұстаз. Қазір Шымкентте тұратын шәкіртім Ақмарал Айт­баева соңғы уақытта драматургия туралы байқауларда бірнеше рет алдыңғы қатардан көрінді. 

Шәкірт тәрбиелеудегі осын­дай ұстаздық тәжірибеме сүйене отырып, әдебиетке алғаш қадам басқан жастарға төмендегідей әңгіме айтқым келеді:

Әдебиетке деген ынта-ықы­лас пен қызығушылық жер басып жүрген кез келген адамның бо­йы­нан байқалуы мүмкін. Бірақ бұл ерекшелік міндетті түрде жа­зушы боласың деген кепілдік емес. Шынайы жазушылық дең­гей­ге көтерілу үшін қанмен да­рыған шығармашылық дарын-қа­білет керек. Мысалы, кез кел­­ген адам әнші, күйші немесе су­ретші бола алмайды. Жазушылық та солай. Сондықтан әдебиетке қызыққан әрбір жас өзінің шы­ғармашылыққа қаншалықты бейім екенін ертерек анықтап, сол бейімділігін одан әрі дамытуға күш салуы керек. Егер әдебиетке қызығушылығы күшті болғаны­мен, шығармашылық дарын-қа­білетінің жеткіліксіздігі байқалса, оған да ренжудің қажеті шамалы. Өйткені әдебиетке жан-тәнімен қызығатын адамнан әдебиетке қатысты мықты зерттеуші-сын­шы, білгір ғалым-ұстаз шығады. Жақсы журналист пен іскер мәдениет қайраткері болудың да қайнар көзі әдебиеттен баста­лады.

Бір сөзбен айтқанда, әдебиет­ке ынтызар болып өскен кез кел­ген жастың болашақта үлкен өмір­ден өз орнын табатыны анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС