Ал қолы бос, еш еңбекке тартылмаған жеткіншек не телефонның тұтқынына айналады, не басқа бір бәлеге жолығуы мүмкін. Елде Оқушылар сарайы жетіспейді, жастардың заманауи дағдыларын дамытуда проблема жетерлік. Жас ұрпақтың білімі мен дарынын ұштауда не істелмек?
Тәрбие мен тағдыр таразысы
«Ермек қуған бәлеге жолығады, еңбек қуған қазынаға молығады» деген қанатты сөз бар. Психолог Әйгерім Қуатбектің түсіндіруінше, баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырмау – оның болашағын үлкен қатерге тігумен тең. Пайдалы іспен шұғылданбаған жеткіншек өзіндегі тасқын қуатты қайда жұмсарын білмей, беймәлім соқпақтарға бас ұрады.
«Мұндай сәтте рухани қуыстық-вакуум пайда болып, оның орнын көше тәрбиесі немесе ғаламтордың қараңғы тұңғиығы тез толтырады. Сананы желік пен тұман қатар басқан жастық шақта жақсы мен жаманды ажырату қиын. Жетексіз кеткен жеткіншек алды-артын байқамай, қылмыстың қармағына қалай ілінгенін өзі де білмей қалады. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, кәмелетке толмаған қылмыскерлердің көпшілігі, 75%-ға дейінгісі – қосымша білім беру жүйесінен тыс қалған балалар. Сондықтан баланы ерте жастан өнер мен ғылымға баулып, бос уақытын ізгі істермен толтыру – мемлекеттің, мектеп пен ата-ананың парызы», – деді психолог.
Оның сөздерін ресми статистика куәландырады. С.Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, былтыр 179,6 мыңнан бала жарақат алып, уланған және басқа зақымдарға ұшыраған. Соның ішінде 138,3 мыңын 14 жасқа дейінгі балалар, 41,3 мыңдайын – 15-тен 17 жасқа дейінгі бозбалалар мен бойжеткендер құрады. Өсім – 1,7%.
Өмірде еш мән таппай, баз кешкен балалар өзіне-өзі қол салады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 74 бала өз еркімен өмірмен қоштасқан. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде өліммен аяқталған суицидтер саны бірден 13,7%-ға өсті.
Қылмыс әлемі де көбіне құрбанын көше кезген немесе күні мен түнін телефонға телміріп өткізетін балалар арасынан іздейді. 2025 жылдан бері алаңдатарлық үрдіс – жасөспірімдер қылмысының өршуі тіркелген. Былтырғы жыл қорытындысында бұл үрейлі көрсеткіш бірден 30,5%-ға күрт өсті. 2,5 мың жас өскін қылмысы үшін ұсталған. Бұл ретте заң бұзушылардың 90%-ы әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі қылмыс жасапты, жартысы немесе 1,1 мыңы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 2024 жылмен салыстырғанда жас құқық бұзушылардың саны 1,5 еседей өсті! Сондықтан жас ұрпақтың бос уақытын мағыналы ету – оларды келеңсіздіктен қорғайтын басты бір қалқан.
Тегін үйірмелер кімге қолжетімді?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90%-ға дейін артты. Бұл 3,5 миллион баланы құрайды, оның ішінде 2,2 млн оқушы тегін үйірмелер мен секциялармен қамтылды. Әрине, бұл жерде ведомство тек 3,9 миллион оқушыны назарға алып отыр: балабақшадағы балдырғандар қосымша біліммен тегін қамтылмайды. Әйтпесе, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны тура 7 миллионға жетті (жыл басында 6 918 656 болған). Демек, осы санның 31,4%-ы ғана тегін қосымша біліммен қамтылған болып шығады.
Министрліктің хабарлауынша, қосымша білім беру ұйымдарының желісі былтырғы жылмен салыстырғанда 25%-ға артып, 2 мыңнан астам бірлікті құрады. Бірақ ата-аналар бәрібір тегін өнер-білім үйірмелері мен спорт секцияларына баланы тіркетудің қиындығына, олардың тапшылығына шағымданып жүр. Ауылдық жерлердегі балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 1 000 комьюнити-орталық құру бойынша жұмыстар аяқталды. 3 жыл ішінде 4 200-ден астам баланы қамтитын 1 251 орталық ашылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада өсуін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президент 100 Оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балаларды сауықтыру орталығын ашу міндетін қойды. Бұл тапсырманы орындау мақсатында 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. 2026 жылдың соңына дейін 3 800 орындық 10 объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, өткен кезеңде 2 800 орынға арналған 15 сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі, – деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, жаңа қосымша білім беру ұйымдары робототехника кабинеттерімен, IT зертханаларымен, ойын алаңдарымен және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған түрлі заманауи құралмен жабдықталған. Мұның сыртында 2026 жылғы күзге дейін 3,2 млн бала мектептер мен лагерьлер жанындағы демалыс бағдарламасымен қамтылмақ. Қазақстанда жазғы демалыс кезінде 11 135 демалыс және сауықтыру орталығы жұмыс істейді.
Министрліктің дерегінше, балалардың басым көпшілігі – 3 миллионға жуығы мектептер жанындағы лагерьлермен шектеледі. Тағы 168 мың оқушыны жазғы лагерьлер мен маусымдық орталықтар, тек 44 мыңнан астамын – жыл бойғы қосымша білім беру орталықтары қабылдайды. Девиантты-тентек балалар қатарын жиі толықтырады деп саналатын әлеуметтік осал санаттағы және жетім балаларға ерекше көңіл бөлініпті: аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала күзге дейін демалыспен қамтылады. Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысып жатыр. Өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нысанға полиция инспекторлары тағайындалыпты, ал қызметкерлердің, тәрбиешілердің соттылығы тексерілді.
© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
Биылғы маусым айынан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтитын бірыңғай ваучер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бүгінгі күні 600 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алды. Жоба қазір 6 өңірде – Астана, мен Шымкентте және Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарында табысты жүзеге асырылып жатыр.
Тапшылықтан – технологиялық серпіліске
Үйірмелер, спорттық секциялар мен шығармашылық даму студиялары – еріккеннің ермегі емес, қазіргі заманғы іргелі өмірлік қажеттілік. Бұл жүйенің мемлекеттік деңгейдегі маңызы орасан, өйткені ол жас ұрпақты жеке тұлға ретінде қалыптастырумен қатар, стратегиялық мақсаттарды шешеді: бұл – балаларды әлеуметтендіру, асоциалды мінез-құлық пен көше қылмысының алдын алу, саламатты өмір салтын орнықтыру, шығармашылық әлеует пен дарынның көзін ашу, оқушы бойында soft skills пен кәсіби құзыреттерді дамыту және орта мектеп жасынан нақты кәсіптік бағдар беру.
Алайда елімізде мұндай ұйымдарға деген сұраныс толық қанағаттандырылған жоқ. Мысалы, Шымкентте, сәуір айының соңында Оқушылар сарайындағы тегін жүзу үйірмесіне сұмдық кезек пайда болып, соңы балаларын жазбақ болған ата-аналардың арасында дау-дамай, талас-тартысқа ұласты. Мегаполистерде ата-аналар перзентін бір үйірмеге кіргізу үшін таңазаннан есік күзетіп, түнеуге мәжбүр болса, қиырдағы шағын ауыл-қалалардағы жағдайдың қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі қорқынышты. Мұның соңы үлкен проблемаларға соқтырады: аймақтарда көптеген ата-ана жұмысына басымдық беріп, баласының бос уақытын өз күшімен амалдап ұйымдастырады, не шарасыздықтан оларды көшенің еркіне қалдырады.
Үлкен қалалардағы ахуал да мәз емес, мәселе шаш етектен. Мемлекет ұсынатын тегін орын мүлдем жетіспегендіктен, ата-аналар баласының болашағы үшін соңғы тиынын санап беріп, жеке студиялар мен даму орталықтарының қымбат сабақтарына ақы төлеуге мәжбүр. Оның өзінде жекеменшік орталықтарда да бәріне бірдей орын жете бермейді. Оқу-ағарту министрлігінің «саладағы нысандар саны 25% өсті» деген көркем есебін Ұлттық статистика бюросы растамайды. Статорган мәліметтеріне жүгінсек, соңғы бірнеше жылда елімізде үйірмелердің, секциялардың және қызығушылық клубтарының саны іс жүзінде артпақ түгілі кері кеткен. 2023 жылғы 3,7 мыңнан өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,4 мыңға дейін қысқарып қалыпты. Аймақтық теңгерімсіздік тіпті ғаламат. Мысалы, Алматы облысында былтыр 480-нен астам үйірме мен секция балаларға қызмет етсе, Қызылорда облысында бар-жоғы 16-ақ үйірме болыпты.
Қазақстанның қосымша білім беру тарихында Оқушылар сарайларының орны бөлек. 2020 жылы мұндай iрi қосымша білім беру ұйымдарының саны 192 болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 215-ке жетті. Тағы мақтауға тұрарлық кейс – мектеп оқушыларының инновациялық шығармашылық орталықтары. Оның үздігінің бірі Алматының Наурызбай ауданында бой көтерсе, екіншісі Алатау ауданында іске қосылды. Бұл – орта буын мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беруді, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің бастапқы кәсіби құзыреттіліктерін ұштастырған, уақыт талабынан туған соны ұйым. Онда балалар тек сурет салып, би билеп, спортпен ғана шұғылданбайды, сондай-ақ ең сұранысқа ие мамандықтар – өнеркәсіптік дизайн, робототехника, серпінді мобилография, SMM, күрделі 3D-модельдеу және VR (виртуалды шындық) әлемін зерттейді.
Десек те, бұл тек ішінара кездесетін озық үлгілер. Жалпы, биыл елдегі барлық Оқушылар сарайларындағы сабақтармен қамтылған балалардың жалпы саны бар-жоғы 274,2 мыңды құрады. Бұл – өте аз. Бала дамуы үшін аса маңызды, іргелі осы мекемелердегі оқушыларды қамту үлесі ел бойынша бар-жоғы 7% болып отыр.
Оқушылар сарайлары мен түрлі даму орталығының басым көпшілігі уақыт көшінен қалмай, оқыту бағдарламаларына ең кейінгі инновациялық технологияларды қарқынды түрде енгізуге көшті. Олар робототехника зертханаларын, IT-сыныптарды, ғылыми эксперименттер жүргізуге арналған заманауи цифрлық зертханаларды, жоғары дәлдіктегі 3D-принтерлер мен сандық бағдарламалық басқаруы бар қуатты станоктарды, шығармашылық пен жаңа идеялар өмірге келетін, жобалық жұмысқа арналған еркін кеңістіктерді және баланың қиялын шындыққа айналдыратын тағы басқа мүмкіндіктерді бағдарламаға толық енгізуді көздеп отыр.
Ендеше сенімді де сәтті қадамдар жасалды, бағыт айқын. Ендігі міндет – жеткен жетістікке тоқмейілсіп тоқтап қалмай, ертең ел тізгінін қолына алар балалардың жарқын болашағы жолында қосымша білім беру саласын мемлекеттік деңгейде үздіксіз әрі қарқынды дамыту болмақ.
Айхан ШӘРІП