Сұраныс пен ұсыныс: Еңбектің еленбеген заңы

Ел экономикасының негізгі қозғаушы күші – адам және оның еңбегі.

Ал еңбек адамының кәсіби білікті маман болуы ең алдымен сапалы білім мен дұрыс таңдаған мамандыққа байланысты. Сондықтан болашақта аса сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы сұрақ «еңбектеген» жасқа да, ертеңін ойлаған елге де керек шығар.

Әлемді өзгертетін үздік 3 мамандық

Былтыр Nazarbayev University өкілдері «Алдағы жылдары қандай мамандықтар трендте болады?» деген зерттеу нәтижелерін ұсы­нып, «Жасанды интеллект (AI) пен деректер ғылымы саласын­дағы еңбек нарығы қарқынды дамып келеді» деген қорытынды жариялады. 

Олардың болжамы бойынша, бұл бағыттағы мамандарға сұра­ныс бұрын-соңды болмаған дең­гейге жетіп, олардың табысы да тұрақты өсуде. Соңғы деректерге сәйкес, AI саласына жаңадан келген маман айына 2 500 доллардан бастап жалақы алса, тә­жірибелі сарапшылардың табысы 10 000 доллардан жоғары. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері жасанды интеллект және деректер ғылы­мы, медицина, биомедициналық инженерия саласының мамандары әлемді өзгертетін ең таңдаулы мамандық иелері болады деп нақ­тылаған. Мәселен, болжам бо­йынша, 2032 жылға қарай бұл мамандықтарға сұраныс 35 па­йыз­ға артып, түлектер үшін кең ман­саптық мүмкіндіктер ашады. Ке­лесі медицина саласының маман­дары, яғни дәрігерлік кәсіп – барлық уақытта сұранысқа ие маман­дықтың бірі. Әлем бойынша медицина қызметкер­лерінің тапшылығы байқалады. Мысалы, Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметін­ше, төрт мыңға жуық білікті дәрігер қажет. Ал инженерия мен медицинаның тоғысқан тұсында орналасқан тағы бір перспективалы мамандық – биомедициналық инженерия.

Бүгінгідей тез өзгеріп, шап­шаң дамып келе жатқан дүбірлі дү­ниеде алыс арманы біліммен «қаруланып», кәсіппен ұштасқан адам ғана болашақтың мықты маманы бола алады. «Білім жоқ жерде, арман – ада, қиял – қы­сыр» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Ендеше еліміздің ең­бек нарығын кәсіби білікті ма­ман­дармен толтыру заман қа­жет­тілігінен туып отырған өзекті мәселе десек болады.

Мемлекет бұл мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр. Бұл тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру бағдарлама­лары­ның артықтығын және олардың тәжірибеден алшақ­тығын растайды. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде шамадан тыс ака­демизм, сондай-ақ білім беру бағ­дар­ламаларының қайта­лануы байқалады. Сондықтан биыл бі­лім беру бағдарламаларын қыс­қарту бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр.

– Біз бұл бағытта нақты шешім қабылдап отырмыз. Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу ор­нын­дағы 503 бағдарлама артық­тықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқ­татылады. Бұл ретте барлық сту­денттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді, – дейді министр.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының есебінше, 2026 жылы Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) жарияланатын бос орындар саны 1,12 миллионнан 1,31 миллионға дейін жетуі мүм­кін. Базалық сценарий бойын­ша бұл көрсеткіш шамамен 1,2 млн бос орынды құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Яғни, 2025 жылмен салыстырғанда, 2026 жылы бос орындар саны 9%-ға артқан. Ресми деректер бойынша, еліміздің еңбек нарығында жұмысшы күші жетіспейді. Сәйкесінше, Ұлттық статистика бюросының дерегін­ше, жастар арасындағы жұмыс­сыз­дық деңгейі 3 пайызды құрай­ды. Статистикаға назар аударсақ, 2026 жылдың бірінші тоқсанын­дағы есепке сәйкес, Қазақстанда 321 мыңнан астам жұмыссыз жастар бар. Демек, жоғарыда айтқа­нымыздай, елімізде еңбек нары­ғына қажет мамандар даярлау мә­селесі өзекті күйінде қалып отыр.

Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімі­нің бас сарапшысы Гүлназ Қа­сым­ова­ның пайымдауынша, жүргізген таңдаулы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, бүгінде жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім алғандар арасында 17%-ды құрайды.

– Университет пен ТжКБ түлектері көбіне қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыс орындарына кетуге мәжбүр. Мұндай үр­дістер тұрақсыз жұмыспен қамту, төмен жалақы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауымен сипатталатын әлеуметтік топ – пре­кариаттың қалыптасуына ықпал етуде, – дейді маман.

Мәселе қалай шешілмек?

Мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытында және әсіресе жастар үшін «екі қолға бір күрек» мақсатымен түрлі бағдарламаны ұсынады. Әсіресе, жұмыссыз жас­тарды қоғамға тарту жағынан жастар саясаты елеулі жұмыс істеп жатыр. «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Дип­ломмен ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» секілді мемлекеттік жобалар нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Астанада JOLTAP жобасы қысқамерзімді 13 сұранысқа ие кәсіптік курстар мен 7 сандық бағытты (SMM, таргетинг, гра­фикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және т.б.) қамтиды. Бұдан бөлек, Esirtkisiz Elorda жобасы, «Таза Қазақстан» жобасы жас­тарды еңбекке баулу бағы­тында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылы «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту шаралары жоспарланып отыр. Бірақ Астана қаласы әкім­дігінің қолдауымен «Жастар прак­тикасы» бойынша жұмыс істеген Арман Манат (аты-жөні өзгертілді) жұмыс беруші тарапқа көңілі толмайды. Оның айтуынша, жұмысқа қабылдаған компания жас маманға кәсіби білік­тілігіне сәйкес жұмыс ұсынбайды.

– Ақпан айында Университетте оқыған мамандығым бойынша жұмысқа қабылдандым. Бірақ қызыл дипломым болға­нына қарамастан, басшылық маған өз мамандығыммен жұмыс ұсынбады. Төрт ай бойы мен компанияда «алып кел, шауып кел» қызметіне жегіліп, қолбалаға айналдым. Сондықтан маусым айы­нан бастап, өз еркіммен жұ­мыс­тан кеттім, – деді ол.

Көріп отырғанымыздай, бүгінгі күні «оқымаған» жастарды айтпағанның өзінде «күректей» дипломы бар жас маманға лайық жұмыс ұсыну нарығы қалып­таспаған сыңайлы. Жақында Ғы­лым және жоғары білім минис­трлігі: «2030 жылға дейін Қа­зақ­станға әртүрлі бағыттағы 900 мыңға жуық маман қажет болады», – деген ақпарат таратты. 

Ведомствоның болжамына сәйкес, қажетті кадрлардың жартысынан астамы, яғни 500 мың­нан астамы инженерлік кадр бол­са, тағы 185 мыңы педагог болуға тиіс. Бейінді министрліктің мәліметінше, осы деректер негі­зінде алдағы үш жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы қайта қаралды. Мәселен, жылу және электр энергетикасы, су ресурстары салаларында шамамен 4 мың инженер қажет – дәл осы салаға сонша грант бөлінген.

Цифрлық трансформацияның жаңа талабы

Бүгінгі технологиялық даму мен цифрландыру дәуірінде жұмыс берушілер дипломнан бұрын нақты дағдысы мен біліктілігі жоғары мамандарға басымдық беретінін айттық. Десек те, Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың көлемі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі әзірлейтін кадрларға қажеттілік болжамына сүйене отырып жасалғанын жеткізді. Бұл болжамды әзірлеу кезінде өңір­лердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, экономика салаларындағы еңбек ресурстарына деген сұраныс, мемлекеттік бағдарламалардың көрсеткіштері және жұмыс берушілердің ұсыныстары ескеріледі деп отыр министрлік өкілдері.

Биыл бейінді министрліктің дерегінше, 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген. Бірақ қазіргі жастардың министрлік ұсынған немесе еңбек биржа­сының сұранысына сай маман­дықтарды таңдайтынына кепілдік жоқ. Ресми статистика бойынша, бір жағынан, жастар цифрлық кәсіптерге көбірек бет бұрса, екінші жағынан, экономика үшін маңызды бірқатар техникалық салаларға қызығушылық төмен деңгейде қалған. Мәселен, балық шаруашылығы, мал шаруа­шылығы, механика және металл өңдеу, көлік құрылысы, киім және аяқкиім өндірісі сияқты салаларға жастар қызықпайды. Ал грантқа қызығып, қаламаған мамандығына оқуға түсіп, диплом алғандардың 60-80 пайызы ЖОО-ларды бітірген соң оқыған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Сондай-ақ қазіргі сұра­ныстағы кейбір мамандықтардың келешекте қажет болмай қала­тынын да ұмытпаған жөн.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің дере­гінше, жасанды интеллектіні жаппай енгізу нәтижесінде еліміз­де 300-400 мыңға жуық жұмыс орнының қысқаруы мүмкін. Дегенмен сарапшылардың пайымынша, еңбек нарығындағы бас­ты өзгеріс белгілі бір кәсіптің жоғалуында емес, сол кәсіпті атқару тәсілдерінің өзгеруінде болып отыр. Соған сәйкес, бү­гінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, ЖИ тақырыптарын жеке пән ретінде немесе негізгі пән­дердің құрамына енгізіп жатыр. Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі қазірдің өзінде 30-дан астам жоғары оқу орнына жасанды интеллект бағытындағы 42 білім беру бағдарламасын әзірлеп қойды.

ТҮЙІН: 

Биылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрілігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға білім беру саясатын еңбек нарығы қажет ететін кадрлар сұранысы болжамына сүйене отырып әзірлеуді қолға алды. Ал орта білім саласын­дағы білім беру жүйесін жоғары білім саласындағы трансфор­мация­ларға сай жаңарту бағдарламалары жасалып жатыр ма?! Бүгінгі күні «тарыдай болып» табалдырығын аттаған шәкіртін «қосымша» білім алуға сабылтпай, мектеп партасынан арманына қанат байлап, қия­лын өз елінің ертеңімен байланыстара алатын ұрпақ тәрбиелеу ісі қа­лай болмақ екен...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ