Табысты арттыру – тарқатылмаған түйін

Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің былтыр 19 қарашада айтқан халықтың нақты табысын 2026-2028 жылдар аралығында жыл сайын кемі 2-3 пайызға арттырып отыру жоспары қоғамда әлі күнге қызу талқыланып келеді.

Дегенмен ресми статистика бойынша, жалпы ішкі өнім жоғары қарқынмен өсіп жатқанымен, былтыр халықтың нақты табысы төмендеген. Сала сарапшылары арасында осы қайшылық жиі сөз болып кеткен соң, Жұманғариннің өзі арнайы түсініктеме берген еді. Алайда экономистер арасында оның ұстанымына қырын қарайтындар табылып жатыр.

Қайшылық неден туып отыр?

Жұманғариннің айтуын­ша, елдің экономикалық өсімі ЖІӨ-нің нақты көлем ин­дексі­мен өлше­­неді, яғни тұрақты баға мен нақты өндіріс көлемінің өсуінен қалыптасады. Сондықтан сала­лар­да нақты қосылған құн өскені­мен, ол ақшалай түсім мен табыс көлемі әрдайым ұлғая береді деген сөз емес. Мұндай айырмашылық мұнай саласында айқын көрінген. Айталық, 2025 жылы мұнай өндіру көлемі 13,3%-ға артқанымен, әлем­дік мұнай бағасы 14,4%-ға арзандаған. Яғни өндірісте өсім бар, бірақ ақшалай түсім аз.

«Мұндағы басты мәселе эко­номиканың құрылымына байлан­ысты. Егер экономикалық өсім капиталды көп қажет ететін неме­се шикізат салалары есебінен қал­ыптасса, оның халық табысы­на ықпалы уақыт өте келе (белгілі бір кезеңнен кейін) ғана байқала­ды. Ал құрылыс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты еңбек ресурстарына негізделген салалар дамыған тұста бұл әсер халыққа әлдеқайда жылдам сезіледі», – дейді Жұманғарин. 

Сонымен қатар оның сөзінше, экономикадағы тауарлар мен қыз­меттерді тұтыну деңгейі ұсынысқа қарағанда жылдамырақ өсіп жа­тыр. Қарапайым тілге салсақ, өнд­і­ріс көлемі сұраныстың арту қарқынына ілесе алмай келеді. Бұл бағаға қосымша қысым туды­рады. Дегенмен бұл өсіп келе жат­қан экономика үшін қалыпты жағдай екенін айтады. Өйткені қысқа мерзім ішінде өндіріс көле­мін күрт арттыру мүмкін емес.

Оның үстіне, сыртқы фак­тор­­лар әсері де бар. Кей­інгі 4 жылда бұрын-соңды болма­ған инфля­циялық қысымға ұшыра­дық. Сон­ың салдарынан эко­номи­ка­лық өсім халықтың нақты табы­сына соншалық әсер ете қоймады. Пандемиядан кейін азық-түлік пен энергия тасымал­даушылар бағасы жер-жаһанда өсіп жатты, логистикалық тіз­бектер үзілді. Оған қоса, өңірдегі геосаяси шие­леніс, көрші елдер мен әлемдегі инфляция қарқыны үдеді, валюта бағамының құбылуы және бар.

Зимбабве қайда, біз қайда?!

Жұманғариннің бұл ұстаны­мына сала сарап­шыларының көзқарасы біртекті емес. Тіпті, халықтың нақты табысын арттыру мәселесін экономикалық өсімге теліп қоюға да қарсы. Тура осы мәселеге Зимбабвені мысалға келтіріп жатқандар бар. Онда был­тырғы экономика көрсеткіші ерекше қарқын алған. Халықара­лық валюта қорының мәліметі бойынша, ел билігі 2025 жылға 6,6% өсім болжаған болса, жыл қорытындысы бойынша 7,5%-ға бір-ақ шыққан. Алтынның рек­орд­тық бағасы мен жаңартылған салық жүйесінің арқасында эко­номикалық өсім биыл да жалғас­ып келеді. Әйтсе де, осынша жар­қын көрсеткішке қарамастан әлемнің ең кедей елдерінің бірі болып отыр, 15 млн-ға жуық ха­лық­тың басым бөлігі кедей. Енде­ше экономика өсімін негізге алып отыра берсек, Қазақстанның жағ­дайы да осы сценариймен өрбіп кетпесіне кім кепіл? Бұл да жай айтылған сөз емес. Алдымен 4,6% жұмыссыздық статистикасы бар. «Жұмыс істейтін кедейлер», яғни тапқанын айдан айға әрең жеткізіп отырғандар бізде жоқ емес. Одан бөлек, шамамен 2,2 млн азаматымыз өзін-өзі жұмыс­пен қамтып отыр. Ол еңбекке қабілетті деп саналатын 9,77 млн халқымыздың бестен бірі. Табысы тұрақсыз болғандықтан, олар да кедейлік қаупінен ада емес. Табы­сы жоғары деп жүргендердің әр­қай­сының мойнында зейнеткер­лер мен жасөспірімдер отырғанын тағы қосайық. 

Экономист Асқар Қысықов бұдан да пессимист пайым айта­ды. Жуырда өткен Atameken Business FORUM-дағы сөзінде ол ел экономикасының ресми өсім көр­сеткіштері бірқатар саладағы нақты жағдайды толық көрсетпей­тінін мәлімдеген. Оның пікірінше, Үкімет жыл соңына қарай ЖІӨ өсімі 5%-ға дейін қалпына келеді деп болжап отырғанымен, ішкі сұранысқа бағытталған көптеген сала қазірдің өзінде қиын жағ­дайға тап болған. Айталық, құры­лыс саласы негізінен мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар есебінен өсіп отыр.

«Құрылыс саласының құры­лымына қарасақ, бүгінде оның негізгі қозғаушы күші темір­жол­дар, метро, электр беру желілері мен телекоммуникациялық ин­фра­құрылым нысандарының құрылысы болып отыр. Мұның бәрі мемлекет қаржысына тәуелді. Ал тұрғын және тұрғын емес ғи­мараттар құрылысы анық төмен­деген», – дейді ол.

Қысықовтың сөзіне салсақ, құрылыс қана емес, өңдеуші өн­ер­­к­әсіпте де жағдай осыған ұқсас. Сектордың 43%-ы метал­лургияға тиесілі. Соған қара­мас­тан сала 6,3%-ға құлдыраған. Ал өсімді негізінен автокөлік пен азық-түлік өндірісі беріп отыр. 

Ең күрделі жағдай азық-түлік­ке жатпайтын тауар­лар саудасы, тұрмыстық техника нарығы, жыл­жымайтын мүлік, киім-кешек саудасы, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс индустриясында бай­қалып отыр екен. Бұлар ха­лық­тың тұтыну белсенділігіне тікелей тәуелді салалар. Эконо­мистің пайым­ынша, мұның себебі халықтың сатып алу қабілеті тө­мен­деген. Жоғары инфляция сал­дарынан былтыр қазақ­стан­дықтардың нақты табысы 2,3%-ға азайып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмса­латын шығындар үлесі 39%-ға дейін қысқарған.

Оның үстіне, азаматтарға шама­­дан тыс жүктеме болмас үшін тұтынушылық несие беру де азайған. Салық реформасынан кейін қосылған құн салығы арт­қан соң ол бизнеске қосымша жүктеме түсірген.

Осы жерде Жұманғариннің ста­тистикасын да айтпай кетуге болмайды. Вице-премьер елде ШОБ жаппай қысқарып жатыр деген уәжбен мүлде келіспейді. Оның салық органдарына сілтеген деректеріне қарасақ, биылғы бірінші тоқсанда 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Иә, ол алдыңғы жылдарға қарағанда 2-2,5 есе көп. Алайда мәселе аты бар, заты жоқ нысандарда екенін айтады. 

«Негізінде бұдан да көп (300 мың­ға дейін) жабылады деп күтілген болатын. Себебі арнайы салық режимдерін бизнесті бөл­шектеу үшін пайдаланғандар нарықтан кетеді деп болжанды. Талдау нәтижесінде байқа­ғаны­мыз, 2026 жылы жабылғандардың негізгі бөлігі – табысы, қызмет­керлері және нақты қызмет бел­гілері жоқ белсенді емес кәсіпор­ындар», – дейді министр. 

«Салық пен инвестициядан бұрын меншік құқығын өзгерту керек»

Сарапшылар арасында мәсе­лені арыдан тарқататындар да бар. Экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, билік экономиканың өсуіне және оның тиімділігін асыруға тырысып жатқанымен, нәтиже көңілдегідей емес. Оған бірнеше себеп бар. Мәселен, билік қалыптасып болған іргелі экономикалық жүйенің тек ал­ғыш­арттарын өзгертуге басым көңіл болып жатыр. Мысалы, салығын, бюджеттен инвестиция тарту көлемін ұлғайту, тұтынуды шектеу, импортты жерсіндіру, тағы басқалар. Алайда негізгі түйткіл фундаментінде, яғни эко­номикадағы меншік мәселесінде болып тұр. Жиі айтылып жүрген мемлекеттік кәсіпорындар, ком­паниялардың ЖІӨ-дегі үлесі 60%-ға жақын жүйеде Үкімет әрекеті­нің нәтиже беруі қиын деп сана­й­­ды. Бұл, керісінше, жем­қор­лықты өршітуі мүмкін. Мұндайда тездетіп әділетті әрі жариялы түрде жекешелендіру қажет. Сөз ақырын «бақылауды күшейткен сайын жемқорлық соғұрлым өсе береді» деген аксиомаға әкеп тірейді.

Экономист Ғалым Құсай­ынов­тың пікірінше, ЖІӨ-нің халықтың нақты табы­сына қалай әсер етіп жатқанын анықтау үшін соңғы жыл емес, бірнеше жылдың мәліметін сал­ыс­тырып қарау керек. Ал қысқа мерзімде нақты табысты жоғары инфляция төм­ендейтінін, Қазақ­станның жағ­дайында дәл осы фактор негізгі рөл атқарып отыр­ғанына назар аудартады. Елдің қалтасын жұқар­тып отырған негізінен осы азық-түлік инфля­циясы екенін Жұман­ғариннің өзі де Үкімет отыр­ыс­тарының бірінде айтқан еді. 

Экономистің ойынша, нарық­та ұсыныс өспей жатып табыс артып кетсе, оның әсері уақыт өте келе инфляцияға ұласады. Біздің ел қазір осы жағдайды бастан кешіріп отыр. Сондықтан сарап­шы алдымен ұсынысты арттыру үшін саудаға бағытталған сек­тор­ларға инвестиция көлемін көбей­ту қажет деп санайды. Бірақ көп­шілік айтып жүрген экономиканы әртараптандыру тек экспорттық бағыттар арқылы жүзеге асуы керек деген пікірмен келіспейді. Шындығында, әртараптандыру қай бағытта жүретінін мемлекет емес, нарық анықтауы керек деген пікірде. Өйткені нені сатып, нені са­тып алу керегін нарықтың өзі шешеді. Ал мемлекеттің бұл жердегі міндеті – жоғары қосыл­ған құны бар, саудаға бағытталған салалардың дамуына қолайлы жағдай жасау керек. Кейін олар­дың өнімі экспортқа шығарыла ма, әлде импортты алмастыра ма – оны саудагерлер өзі шеше жатар.

Қайткен күнде соңғы сөз Үкі­меттің өзінде. Вице-премьер жақын арада 2029 жылға дейінгі «Халық табысын арттыру бағдар­ламасын іске асыру» жөніндегі жаңартылған кешенді жоспарды таныс­тыратынын мәлімдеді. Он­дағы мақсат құр жалақыны көтеру емес, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын ашу, адами капиталды дамыту және халықты жұмыспен қамту аясын кеңейту бағыттарына басымдық беріледі. Халықтың нақ­ты табысын тұрақты өсірудің басты негізі де осылар болуға тиіс деп санайды.

Ербол ТҰРЫМБЕТ