Астанада Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясының орталығы ашылды

Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Астанада Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қытай (Цзянсу провинциясы) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Форум аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылап, Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясы орталығының ашылғанын ресми түрде жариялады.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Мемлекеттер басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нәтижесінде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 49 млрд АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі саналады. Қазіргі таңда Қытайдың өңір елдерімен жалпы сауда көлемінің шамамен 60 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

«Мемлекеттеріміз басшыларының стратегиялық көзқарасы мен өзара сенімге негізделген саясатының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тұрақты экономикалық өсімнің және өңірлік өзара байланыстарды дамытудың маңызды факторы болып отыр. Бүгінде біз Цзянсу провинциясының кәсіпкерлерін өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік өңдеу, мұнай-газ химиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Астанадағы Цзянсу орталығының ашылуы өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы әрі жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді құралы болады деп сенемін», – деді форум барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Форумда қазақстандық тарап еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, Цзянсу провинциясының компанияларын жаңартылатын энергия көздері, электрондық сауда және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім болды. Атап айтқанда, Ақтау портында жаңа контейнерлік жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жоба «есіктен шекараға дейін» қағидаты бойынша құрылатын бірыңғай логистикалық тізбектің құрамдас бөлігіне айналады.
Сондай-ақ тараптар Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру жөнінде уағдаласты. Алдағы кезеңде Цзянсу провинциясына қазақстандық бидай, ет және бал өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Форум барысында әлемдегі жетекші индустриялық өңірлердің бірі саналатын Цзянсу провинциясының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Оның өнеркәсіптік өндіріс көлемі әлемдік өндірістің шамамен 4 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта Цзянсу компаниялары Қазақстанда 63 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл көрсеткіш провинцияның Орталық Азия елдеріне салған инвестицияларының жалпы көлемінің 47 пайызына тең.

«Қытай мен Қазақстан – ортақ болашаққа ұмтылған жақын достар әрі сенімді серіктестер. Екі ел арасында бірегей стратегиялық әріптестік қалыптасқан. Экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отыр, сондықтан өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға толық мүмкіндік бар деп есептеймін. Біз жасанды интеллект, жасыл экономика және электрондық коммерция сияқты жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз», – деді Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин.

Астанада ашылған Орталық Азиядағы Цзянсу орталығы қытайлық компанияларға арналған бірыңғай сервистік хаб қызметін атқарады. Орталық консалтингтік қолдау көрсетіп, көрме қызметін ұйымдастыруға және «Жібек жолы» электрондық коммерциясын дамытуға жәрдемдеседі.

Форум қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен өндірістер құруға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.