Алматы көшелерінде төрт айлық сәбиін құшағына алып жүріп курьерлік қызмет көрсеткен 20 жастағы келіншектің оқиғасы қоғам назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жас отбасының жағдайын зерттеген қоғам белсендісі Алмат Несіпқалиев олардың күрделі қаржылық қиындыққа тап болғанын айтты.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты қазір жалдамалы бір бөлмелі пәтерде тұрады. Тұрғын үй мәселесін шешеміз деген алаяқтарға сеніп қалған отбасы қомақты қарызға батып, қаржылық тығырыққа тірелген. Оқиға болған күні олар пәтерақы төлеуі тиіс болған.
Жас ананың сөзінше, мемлекеттен алатын 25 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы күнделікті тұрмысқа әрең жетеді. Бұдан бөлек, отбасының несиелік қарыздары мен ломбардқа өткізілген заттар бойынша өсімпұлдары бар. Ал курьерлік қызметтен түсетін табыс әр тапсырыс үшін шамамен 500-600 теңгені ғана құрайды.
Отбасы отағасының да денсаулығында мәселе бар. Ол жалдамалы көлікпен такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Дәрігерлер оған шұғыл операция қажет екенін айтқанымен, қаражаттың жоқтығынан емделуді кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Қазір ол ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен жұмысын жалғастырып жүр.
Тұрмыстық қиындықтардың салдарынан жас ана төрт айлық сәбиін өзімен бірге алып шығып, курьерлік қызмет көрсетуге мәжбүр болған.
Алмат Несіпқалиев қазіргі уақытта бұл отбасы үшін ешқандай қаржы жинау ұйымдастырылмағанын айтып, тұрғындарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды.