Украина Ресейдің маңызды мұнай өңдеу кәсіпорнына соққы жасады

Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы хабарлады

13 маусымға қараған түні Украина қорғаныс күштері Ресейдің Волгоград облысындағы мұнай дайындау және айдау цехына соққы жасады. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы хабарлады.

Мәлімет бойынша, соққыдан кейін кәсіпорын аумағында өрт шыққан. Бас штабтың хабарлауынша, аталған цех мұнайды дайындау, тасымалдау және магистральды құбырлар арқылы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен экспорттық инфрақұрылымына жеткізу қызметін атқарған.

Сондай-ақ Украина күштері Донецк облысындағы Соледар маңы мен Запорожье облысындағы Верхняя Криница ауданында орналасқан Ресей әскерінің басқару пункттеріне соққы жасаған.

Бұдан бөлек, Брянск, Запорожье, Донецк және Херсон облыстарындағы дрондарды басқару пункттері де нысанаға алынғаны айтылды.