АҚШ Германияға Tomahawk зымырандарын сатудан бас тартты – Politico

Пентагон бұл қадамдарды Еуропа мен АҚШ-тың қорғаныс саласындағы үлесін қайта теңестіру қажеттігімен түсіндіреді

АҚШ Германияға алыс қашықтыққа ұшатын Tomahawk зымырандарын сатудан бас тартты. Бұл туралы Politico жазды.

Басылымның мәліметінше, Вашингтон мұндай қарудың Еуропаның қолында болуы Мәскеу тарапынан қауіпті шиеленіс ретінде қабылдануы мүмкін деп алаңдайды.

Politico жазуынша, бұл шешім АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуын қайта қарауымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейін Вашингтон Германиядан 5000 әскерін шығару, Tomahawk зымырандары бар батальонды орналастыру жоспарын тоқтату және НАТО қорғанысын күшейтуге арналған бірқатар әскери мүмкіндіктерді қысқарту туралы шешімдер қабылдаған.

Пентагон бұл қадамдарды Еуропа мен АҚШ-тың қорғаныс саласындағы үлесін қайта теңестіру қажеттігімен түсіндіреді. Алайда Politico бұл шешім НАТО-ның Ресейге қарсы тежеу стратегиясында үлкен олқылық тудыруы мүмкін деп жазады.

Басылымның хабарлауынша, Германия мен басқа да НАТО елдері өздерінің алыс қашықтыққа ұшатын зымыран жүйелерін әзірлеп жатыр. Бірақ оларды нақты орналастыруға әлі бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.