Қазақстан шахмат федерациясының президенті, кәсіпкер Тимур Турлов шахматшы Бибісара Асаубаева көтерген қаржыландыру мәселесіне қатысты алғаш рет пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Турловтың айтуынша, федерация тарапынан бөлінген қаражат спортшының кәсіби мансабын жалғастыруына жеткілікті болғандықтан, оны жеке қаражатынан қаржыландыру қажеттігін көрмеген.
«Федерация желісі арқылы бөлініп жатқан қаржы кәсіби мансапты жалғастыруға жеткілікті деп есептедім. Бұл тек менің жеке пікірім емес. Мен бұл мәселені FIDE және ірі шахмат федерацияларының басшыларымен талқыладым. Мен үшін бұл – қайырымдылық. Егер спортшы шахматтан тек жүлде қорымен ғана емес, тұрақты табыс тапқысы келсе, коммерциялық демеушілермен жұмыс істеуі қажет. Ондай демеушілер бар, бірақ оларды тарту үшін еңбек ету керек», – деп жазды ол.
Еске салайық, 10 маусым күні Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, қаржыландыру көлемінің қысқарғанын, Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан шахмат федерациясының әрекетсіздігін сынға алған болатын. Сондай-ақ спортшы мемлекеттік марапаттың табысталуы кешіктіріліп жатқанын мәлімдеді.
Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі арнайы брифинг өткізіп, соңғы үш жылда шахматшының дайындығы мен халықаралық жарыстарға қатысуына шамамен 700 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.