Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі Ирандағы бірнеше қалада өтеді

Қаралы шаралар аясында ел астанасы Тегеранда Әли Хаменеи мен оның туыстарымен қоштасу рәсімі ұйымдастырылады.

Иран билігі АҚШ пен Израильдің ел аумағына жасаған алғашқы соққылары кезінде қаза тапқан елдің рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиді жерлеу күнін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ресми мәліметке сәйкес, Әли Хаменеимен бірге оның жұбайы, келіні, күйеу баласы және немересі де көз жұмған.

Қаралы шаралар аясында ел астанасы Тегеранда Әли Хаменеи мен оның туыстарымен қоштасу рәсімі ұйымдастырылады. Рәсім 6 шілдеге дейін жалғасады деп жоспарланған.

Одан кейін қаралы шеру Иранның бірнеше қаласында өтеді. 7 шілдеде шиит мұсылмандары үшін қасиетті саналатын Құм қаласында еске алу шарасы ұйымдастырылса, 9 шілдеде аятолланың туған қаласы Мешхедте қорытынды рәсім өтеді. Әли Хаменеи Имам Реза кесенесі аумағында жерленеді.

Алғашында қоштасу рәсімі 4 шілдеде басталып, үш күнге созылады деп жоспарланған болатын. Алайда кейіннен оның мерзімі өзгертілді. Билік бұл шешімді қоштасу рәсіміне қатысқысы келетін азаматтардың көптігімен байланыстырды.

Ресми хабарламада рәсімге Иран тұрғындары, ислам құндылықтарын ұстанушылар және елге жанашыр барлық азаматтардың шақырылатыны айтылған.

Иран билігінің өкілдері бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен адамдарды біріктіретін ауқымды қаралы рәсімдердің бірі болатынын мәлімдеді.