UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев ықтимал қарсыластары туралы пікір білдіріп, ирландиялық Иэн Гэрриден гөрі эквадорлық Майкл Моралеспен кездесуді жөн көретінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Red Corner MMA YouTube арнасына берген сұхбатында ресейлік файтер титулдық жекпе-жекке үміткер таңдауда қарсыластың жетістігі мен беделі маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
«Егер Майкл Моралес пен Иэн Гэрридің арасынан таңдау жасау керек болса, мен Моралесті таңдар едім. Себебі ол әлі күнге дейін жеңіліп көрмеген. Ал ертең Гэрриді жеңсең, көпшілік: "Оны бірнеше жекпе-жек бұрын Шавкат жеңген ғой" деп айтады», – деді Махачев.
Айта кетейік, Иэн Гэрри мен қазақстандық Шавкат Рахмонов арасындағы жекпе-жек 2024 жылдың 8 желтоқсанында UFC 310 турнирі аясында өткен болатын. Лас-Вегаста ұйымдастырылған кездесуде Рахмонов төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Бұл әзірге қазақстандық спортшының UFC-дегі соңғы айқасы болып отыр.
Қазіргі таңда Иэн Гэрри UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі рейтингінде бірінші орында тұр. Шавкаттан жеңілгеннен кейін ол Карлос Пратес пен ұйымның бұрынғы чемпионы Белал Мұхаммадты жеңіп, чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің біріне айналды.