Маңғыстауда теңізге ағып кеткен екі адам құтқарылды

Күшті ағыс оларды жағадан алыстатып, ашық теңізге қарай алып кеткен.

Маңғыстау облысында сапбордпен теңізге шыққан екі ер адамның серуені құтқару операциясымен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Күшті ағыс оларды жағадан алыстатып, ашық теңізге қарай алып кеткен.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, суда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кезінде құтқарушылар Ақтау қаласындағы 4А шағын ауданы маңынан көмек сұраған екі азаматты байқаған.

«ТЖМ жедел-құтқару жасағы қызметкерлері жағадан шамамен 500 метр қашықтықта болған азаматтарды анықтады. Екеуі де құтқару жилеттерін киген, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді», – делінген ведомство хабарламасында.

Құтқарушылар азаматтарды қайықпен жағаға жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.