Мамандар мұны аталған мегаполистердегі халық санының көптігімен және қанға деген сұраныстың жоғары болуымен байланыстырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Донорлардың азаматтық жауапкершілігі мен жанашырлығының арқасында еліміздің медициналық ұйымдары күн сайын қажетті қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Бұл операциялар жасауға, онкологиялық ауруларды емдеуге, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, ауыр жарақат алған науқастар мен жаңа туған нәрестелерге дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы тіркелді. Бұл көрсеткіш азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін және қан қызметі жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Бұл санатқа қан мен оның компоненттерін 50 реттен астам тапсырған азаматтар жатады. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі зор.
Осы орайда бірқатар құрметті донор Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасымен марапатталды.
Жалпы, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Соның нәтижесінде 80 мыңнан астам пациент қажетті қан құю қызметімен қамтылып, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығып кетуіне мүмкіндік туады.
Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес қан тапсырған қызметкер медициналық тексеруден өту және донорлық жасау күндері жұмыстан босатылады. Бұл уақытта оның орташа жалақысы толық сақталады.
Қан орталықтарының мәліметінше, Дүниежүзілік қан доноры күні – донорларға алғыс білдіретін мереке ғана емес, сонымен қатар қоғам назарын ерікті әрі өтеусіз донорлықтың маңыздылығына аударуға мүмкіндік беретін маңызды күн.