Оқушылар LEGO-дан Димаштың портретін жасады

Өнертапқыштар Димаш Құдайбергенмен кездесті.

Ақтөбе қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №82 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары 3 000 LEGO бөлшегінен Димаштың портретін жасаған,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Туындыға бір апта уақыттарын жұмсаған оқушылардың армандары орындалып, өнертапқыштар Димаш Құдайбергенмен кездесті.

Өз портретімен танысқан әнші оқушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, туындының жасалу барысын қызығушылықпен тыңдады. Ол жас авторлардың креативті идеясына ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

Кездесу соңында өнер иесі балаларға «Шұғыла» балалар сауықтыру лагеріне 10 күндік жолдама табыстады. Бұл сый жас өнерпаздардың қуанышын еселеп, мерекелік кездесуді әсерлі әрі есте қаларлық сәтке айналдырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.