Абай облысының аумағында жүргізілген прокурорлық тексеру барысында Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының сақталмау деректерін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру қорытындысы бойынша аудандық пайдалану бөлімі (АПБ) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 994 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Аудандық пайдалану бөлімі әскери инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдардың теңгеріміндегі әскери қалашықтардағы ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану, техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады. Мекеменің негізгі міндеті – жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілер мен жабдықтарға қызмет көрсету, техникалық көрсеткіштерді бақылау, тұтынылған ресурстарды есепке алу және әскери мақсаттағы нысандардың техникалық жай-күйін тиісті деңгейде ұстау.
Осы міндеттерді орындау барысында АПБ жылу энергиясын, суды және электр қуатын есепке алатын құрылғыларды, сондай-ақ қысым, температура, шығын көлемі және басқа да көрсеткіштерді өлшейтін құралдарды пайдаланады. Мұндай құрылғылардың дәлдігі есеп жүргізудің дұрыстығына, әскери инфрақұрылым нысандарының сенімді жұмысына және оларды пайдалану қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Тексеру кезінде АПБ қызметінде міндетті мемлекеттік тексеруден (салыстырып тексеруден) өтпеген өлшеу құралдарының қолданылғаны анықталды. Бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және метрология саласындағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын пайдалану ресурстарды есепке алуда қателіктерге жол беріп, нақты көрсеткіштердің бұрмалануына және әскери нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне қауіп төндіруі мүмкін.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті әскери инфрақұрылым нысандарына қызмет көрсететін ұйымдар үшін өлшеу құралдарын уақытылы тексеруден өткізу заң талаптарының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бұл салада өлшем бірлігін қамтамасыз ету инженерлік жүйелердің сенімділігіне, есеп жүргізу тәртібіне және мемлекеттік мүдделердің қорғалуына тікелей ықпал етеді.