Сырдың индустриялық серпіні қалай?

Қызылорда облысы дәстүрлі түрде аграрлы аймақ ретінде танылған. Ежелден Сырдың басты брендіне айналған күріш шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Бұған қоса мұнай-газ саласы да облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Дегенмен қазір экономиканы әртараптандыру қажеттілігі күн тәртібінен түскен емес.

Ақ күріші жайқалған аймақтың негізгі күнкөрісі дала қосының дүбірімен тікелей байланысты. Ерте көктемнен егінжайда еңбек көрігін қыздырған диқан қауымының берекелі күзде жер-анадан жиған еншісі тұтас елімізге азық болып тұр. Алайда соңғы жыл­дары қыспаққа алған қуаң­шы­лықтың зардабы егінжайдағы еңбектің екпінін бәсең­детіп тастады. Соған орай кейінгі жыл­дары өңірді индустрия­ландыру бағытына да басымдық беріле бастады. Яғни өңір экономикасының жаңа драй­верлерін қал­ып­тас­тыру маңызды міндетке айналды.

Негізінен, Сыр өңірінің табиғи ресурстық әлеуеті жоғары. Нақты айтқанда, аймақта мұнай, газ, уран секілді пайдалы қазбалармен қатар, құрылыс индустриясын дамытуға қажетті шикізат қоры да мол. Мұндай мүм­кіндіктер жаңа өндіріс орындарын ашуға негіз бола алады. Сондықтан да соңғы жыл­дары облыста индустрияландыру саясатына ерекше басымдық берілуде.

Индустрияландыру бағытындағы ең ірі жобаның бірі – Қызылордадағы шыны өндіру зауыты. Бастапқы кезеңде бірқатар қиындыққа тап болғанымен, бүгінде кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Ең бастысы, осы зауыттың айналасында шыны кластерін қалыптастыруға мүмкіндік пайда болды.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл жаңа деңгейге көтерілді. Жақында Қызылордада бірден екі ірі өндірістік жобаның іргетасы қаланды. Оның алғашқысы – әлемдік деңгейдегі испандық Roca Group компания­сының санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауытының әлеуеті жоғары бағаланып отыр. Бұл жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын да айта кеткен абзал. 

Негізі, жүз жылдан астам тарихы бар бұл компанияның өнімдері әлемнің 170-тен астам еліне экспортталады. Қазақстандағы алғашқы өндіріс орнын дәл Қызылордада салу туралы шешімнің өзі өңірдің инвестиция­лық әлеуетін аңғартса керек. 

Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, жалпы құны 44,1 млрд теңге шама­сында қаржыға салынатын аталмыш зауыт жылына 500 мыңға дейін санитарлық-тех­ни­калық өнім шығаруға қауқарлы деп жоспарланған. Жоба аясында 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандар халықаралық стандарттарға сәйкес даярланады деп күтілуде. Зауыт толық іске қосылса, аймақтың инвестициялық ахуалын арттыруға үлкен сеп болмақ. 

– Мемлекет басшысы «Жаңа инвести­ция­лар, ең алдымен, еліміздегі заманауи өнер­кәсіптің негізін қалыптастыруға бағыт­талуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Соның негізінде аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспар­лануда. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы орайда кезекті ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық Roca Group компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәти­желі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді зауыттың капсула салу рәсімінде Қызылорда облысы­ның әкімі Мұрат Ергешбаев.

Сол сияқты екінші маңызды жоба сана­латын Seven Rivers компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыты да жоғары маңызға ие. Жоба құны 60 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіреді деген жоспар бар. Бұл жоба өңірдегі шыны өндірісінің жаңа кезеңін бастап бермек. Зауытта 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологиялық әрі экономикалық тиімді өнім өндіру көзделіп отыр.

Бұл екі жоба да қосымша сервистік кәсіп­орындардың, логистикалық орталық­тардың және шағын өндірістердің дамуына жол ашады деген үміт зор. Сарапшылар тарапынан да мұндай кәсіпорындар төңір­егінде тұтас өндірістік экожүйе қалыптаса­тынын жоққа шығармайды.

Сыр өңіріндегі индустрияландырудың тағы бір маңызды тетігі – арнайы эконо­микалық және индустриялық аймақтың қүрылуымен маңызды. Бұл мақсатта өңірде 550 гектар аумақты қамтитын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылғаны көпке мәлім. Қазір мұнда құрылыс материал­дарын өндіру, машина жасау, химия өнер­кәсібі, логистика, электр жабдықтарын шығару секілді 18 басым бағыт белгіленген.

Сонымен қатар облыста жалпы көлемі 515 гектардан асатын алты индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бүгінде бұл алаңдарда 112 млрд теңгенің 37 жобасы жүзеге асыры­лып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Әсіресе, «Өндіріс» индустриялық аймағы шыны, керамика және құрылыс матери­алдарын шығаратын кәсіпорындардың шоғырланған орталығына айналып келеді. 

Бұл жайында аймақ басшысының China State Construction Engineering Corporation компаниясының өкілдерімен кездесуінде мәлім болды. Осы кездесуде тараптар өңір­ден индустриялық парктер салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өндірістік және логистикалық нысандарды жандандыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Яғни келешекте өзара тиімді әріптестікті дамыту және бірлескен инвес­тициялық жобаларды одан әрі жалғастыру жоспары нақтыланды. 

Сыр өңірінде ірі өнеркәсіпке қарағанда құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі, химия өндірісі, жаңар­тылатын энергия көздері мен логистикалық қызмет­терді дамытудың тиімділігі сарапшы­лар тарапынан бұрыннан айтылып жүр. Осы орайда бұл өңірдің аграрлы аймақ мәрте­бесінен толықтай бас тартатынын білдірмейді. Есесіне индустриялық секторды қатар дамы­ту арқылы аграрлы-индустриялық өңірге айналуға жол ашады деген көзқарас байқалады.

Жалпы, ежелден ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған өңірде соңғы жылдары қолға алынған өндірістік жобалар Сыр елінің жаңа индустриялық келбетін қалыптастырып келеді. Соның ішінде бұған дейін күріш пен мұнайға сүйенген аймақ бүгінде шыны өндірісі, құрылыс индустриясы, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы