Халқы күн санап өсіп, ірі мегаполиске айналып келе жатқан қаланың сәні мен салтанаты жүйелі жұмыс пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Бұл тұрғыда «Астана Тазалық» коммуналдық кәсіпорнын нағыз жанашыр десек болады. Биыл кәсіпорынға жаңа басшы тағайындалды. Сәуір айынан бастап директор қызметіне кіріскен Альберт Есалиевпен сұхбаттасып, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгіме өрбіттік.
– Альберт Темірболатұлы, былтыр коммуналдық салада алғашқылардың бірі болып кәсіпорын жұмысын цифрландыруға кірістіңіздер. Жалпы, коммуналдық қызметтің электронды жүйеге көшуі, кәсіпорын жұмысының тиімділігіне қалай әсер етті?
– Цифрландыру және жасанды интеллект технологияларына көшу, бұл Президенттің тікелей тапсырмасы екенін білесіз. Заман қажеттілігіне сай қандай мекеме, қандай сала болмасын электронды жүйеге ауысып жатыр. Біз де 2025 жылы саланы цифрландыру жұмыстарын бастадық. Бұрынғы басшымыз Замир Сағынов елімізде, Астанада ІТ салада жұмыс істеп жатқан мамандарды шақырып, солардың арасында конкурс өткізді. Байқауда іріктелген мықты жобаларды таңдап алды және кәсіби ІТ аналитиктер көмегімен үш ай бойы бәрін зерттеп, саралап, сосын ғана коммуналдық қызметке цифрландыруды енгізді. Бұл – бірлескен, яғни «кесілісіп пішілген», қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жұмыс. Алғаш жасанды интеллект жұмысқа араласа бастағанда аздап түсініспеушілік болса, қазір жұмысшылар да бейімделді, ешқандай келіспеушілік жоқ.
Бірінші енгізілген жүйе – «Цифрлық жол парағы» деп аталатын жаңа шешім коммуналдық саладағы ашықтық пен бақылаудың жаңа дәуіріне жол ашты. Бұл жүйе арқылы қала көшелеріне шыққан әрбір техниканың қайда жүргенін, қозғалыс бағыттарын, орындалған жұмыс көлемін әрі материалдардың шығынын, жұмыс барысын нақты бақылауға мүмкіндік туды. Бұрын мұндай жұмыс қағаз жүзінде жүргізілетін. Қазір осы электронды жол парағы арқылы жүйесіздіктің алдын алу, көлеңкелі әрекеттерді тыю, заңбұзушылыққа жол бермеу секілді бірқатар жұмыс реттелді. Барлық процесс автоматтандырылғандықтан, операторлар техниканың қозғалысын нақты уақыт режимінде көріп отыр. Бұл тек бақылау емес, ресурстарды тең бөлуге, жанармай шығынын азайтуға, тиімді маршрут жоспарлауға мүмкіндік беретін экономикалық құрал. Мысалы, қазір жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды. Медициналық тексеруде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артты. Жанар-жағармай шығынын бақылау күшейді, отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрісті есепке алу арқылы жыл сайын 10%-ға дейін қаржы үнемделді. Техниканы мақсатсыз пайдалану түгел дерлік жойылды, жұмыс тиімділігі артты. Нақты уақыттағы деректердің арқасында басқарушылық шешім қабылдау 15%-ға жеделдеді, «өтінім – орындау – акт» тізбегінің ашықтығы тәртіпті күшейтіп, даулы жағдайларды азайтты.
Жалпы, цифрландыру тек техниканың қозғалысын бақылаумен шектелмейді. Жаңа электронды жүйе коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігін де жаңа деңгейге көтерді. Med365 және Adal Check жүйелерімен қызметкерлердің денсаулығын күнделікті онлайн бақылауға мүмкіндік туды. Мұндай жаңашылдық арнайы техника жүргізушілерінің жұмысқа рұқсатын нақтылап, төтенше жағдайлардың алдын алуды мақсат етеді. Одан бөлек, жүргізушінің шаршауын бақылау жүйесі де енгізілген. Кабина ішінде орнатылған камералар қауіпсіздік белдігін тақпау, рульде қалғып кету немесе бағытты өз бетінше өзгерту сияқты бұзушылықтарды бірден тіркеп, орталыққа хабар береді.
– Саланың цифрлануы және автоматты жүйеге аусуы жұмысшыларды қысқарту секілді мәселе тудырып жатқан жоқ па? Жұмысшылардың жаңа технологияны меңгеруі, электронды жүйеге бейімделуі бағытында оқыту және үйрету тетіктері қарастырылған ба?
– Қаланың коммуналдық саласын жетілдіруде үнемі жаңашылдыққа, кәсіби өсуге, технологиялық даму мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға баса назар аударуымыздың да басты себебі, кәсіби мамандар легін қалыптастыру, жұмысшылар қатарын толықтыру секілді қажеттілікке байланысты. Сондықтан біздің мекемеде адам еңбегінің өзіндік ерекшеліктері бар. Цифрландыру, жасанды интеллект бірқатар жұмысты жеңілдеткенмен, дене еңбегі дегендей, көше мен тротуарлардың уақытылы тазалануы, жолдардың қауіпсіз болуы секілді көзге көрінбейтін еңбек тек мыңдаған адамның қолымен жасалады. Әсіресе уақытпен санаспай, жаяу жүріп, қолмен қоқыс жинайтын жұмысшыларға сұраныс пен қажеттілік өзгермейтін шығар.
Шындығында, коммуналдық қызметтің жұмысы жеңіл емес. Қыстың қақаған суығы мен өкпек желі, қарлы боранына, жаздың аптап ыстығына қарамай, еңбек етуге тура келеді. Соған қарамастан, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақыннан бізге жұмыс іздеп келетіндер көп. Жұмысшылардың шамамен 90%-ы іргелес ауылдардан келеді. Олар жұмысқа мекеменің шағын автобустарымен тегін қатынайды және басым бөлігі жұмысқа таң атпай 03.00-ден қамданады. Себебі тәртіп бойынша 06.00-де жұмысқа кірісу қажет. Бізде 2000-ға жуық адам жұмыс істейтін болса, олардың саны жаз кезінде 1 300-ге жуық адамға дейін қысқарады. Дегенмен жылдың төрт мезгілі, күн-түн демей қаламыздың тазалығын қамтамасыз ету үшін қажымас еңбек пен орасан күш-жігер қажет. Қала көшелерінен бастап, тротуарлар, саябақтар, алаңдар мен аялдамаларға дейінгі 24 миллион шаршы метрге жуық аумақ күн сайын санитарлық тазалаудан өтеді. Оның ішінде 9,9 миллион шаршы метрі – арнайы техникалармен, ал 14,4 миллион шаршы метрі қол еңбегімен тазартылады. Сондықтан техника қарыштап дамығанымен, адам еңбегін толық алмастыра алмайтынын жоққа шығаруға болмайды.
– Әрине, ел астанасының жыл он екі ай бойы санитарлық тазалығын сақтауда қарапайым жұмысшылардың орны бөлек екені даусыз. Сіздің мекеме жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаншалықты қолдау білдіріп, көңіл бөледі?
– Жұмысшыларды қолдау мақсатында бірнеше ынталандыру шараларын қолға алдық. Былтыр баспана мәселесі бойынша бұрын басқа мекеменің балансында болған екі қабатты 80 орындық жатақхананы әкімдіктің қолдауымен алып, жөндеу жұмысын жүргіздік. Оған қоса, Сарыарқа ауданында бір қабатты жатақхананы алып, оған да жөндеу жұмыстарын жүргізіп, керек-жарағын түгендеп, пәтер ретінде қызметкерлерге үлестірдік, тұрмыстық техникаларын да түгендеп бердік.
Баспанамен қамту мақсатында Отбасы банкпен қызметкерлерге 50 пайыз мекеме атынан қаражат құйып, 50 пайыз жұмысшы өзі төлей алатындай ипотекалық шарт жасадық. Осы келісімшарт бойынша он адамға шот ашып, ақша құйып жатырмыз, оның алтауы қазір пәтерін алды. Қалғаны пәтерін рәсімдеу бойынша жұмыс істеп жатыр.
Біз, амал жоқ, іргелес ауылдардан келетін жұмыс күшіне көбірек сүйенеміз. Олар бұрын жыл он екі ай бойы ғимараттардың жертөлесінде тынығып, тамақтанатын еді. Енді әкімдіктің қолдауымен бос тұрған ғимараттарды алып, жөндеп, тынығатын орындарды бірінші қабатқа көшірдік. Қаланың барлық ауданында жұмысшылардың жуынып, тамақ істеуіне, жылынуына, тынығуына қолайлы орындар дайындадық. Сонымен қатар қыс айларынан бастап, сәуірге дейін жұмысшыларымызға ыстық тамақ береміз. Қызметкерлердің саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасадық. Былтыр қызметкерлердің 200-ден астам баласына жазғы демалыс ұйымдастырдық. Олар Бурабайда демалып қайтты. Қызметкерлеріміз медициналық сақтандыру аясында тегін емделеді. Артықшылығы, медициналық көмек жұмысшының өздеріне ғана емес, отбасы мүшелеріне де қолжетімді.
– Шаһардың санитарлық ахуалын сақтауда мекеменің техникамен толық жарақтануы да маңызды шығар... «Астана Тазалық» коммуналдық кәсіпорны 2025 жылды қалай қорытындылады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазалық – бұл біздің өмір салтымызға айналуы керек. Ол әрбір адамның санасынан басталады» деген еді. Соған сәйкес, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – бүгінгі қоғамның жаңа өркениеттік бағдарына айналды.
Астана қаласының әкімдігі осы бағытта нақты жоспарларды жүзеге асырып келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын жалпықалалық сенбіліктер, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, тұрғындардың қатысуымен өтетін ағаш отырғызу, саябақтарды тазарту, аулаларды абаттандыру шаралары – барлығы да тазалықты қоғам санасына сіңіруге бағытталған игі істер екені сөзсіз. Сондықтан тазалықты сақтау – бір ғана ұйымның емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.
Жалпы алғанда, Астана қысы 2025 жылы қолайлы болды. Қаладан қыс айларында 2,2 млн текше метрден астам қар шығарылды. 475 тонна реагент қолданылды. Күн сайын 600-ден астам техника мен 750-ден артық жол жұмысшысы қаланы ақ қар, көк мұздан тазалады. Ақпан мен наурыздың басындағы қарлы жауын кезінде жұмысшыларға біраз салмақ түсті. Жалпы алғанда, кейінгі 3-4 жылдың көлемінде қар тазалау, коммуналдық қызмет көрсету саласында айтарлықтай жетістіктерге жеттік десем болады.
– «Астана Тазалық» енгізген цифрлық шешімдерге көрші елдер де қызығып жатқан көрінеді. Жалпы, шетелдермен тәжірибе алмасуға қаншалықты назар аударасыздар?
– Қазір жаһандану заманы, іздену, үйрену уақыты. Сондықтан біз де өзіміздің жаңалықтарымызды, жетістіктерімізді әлеуметтік желі арқылы, БАҚ арқылы таратуға тырысамыз. Сәуір айында біздің цифрлық шешімдер туралы құлағдар болған қырғыз ағайындар тәжірибе алмасуға келді. Бішкек қаласынан келген делегация кәсіпорында енгізілген технологиялық шешімдермен танысты. Біз оларға электронды жол парағы туралы жаңалығымызды таныстырдық.
Осыған дейін Алматы қаласының коммуналдық қызмет өкілдері зерттеп, танысты, қазіргі таңда олар өз мекемелеріне енгізу жұмысын бастап кетті. Республика бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты «ҚазАвтоЖолсервис» кәсіпорны да электронды жол парағы жүйесін белсенді түрде енгізіп жатыр. Сонымен қатар облыстық және қалалық әкімдіктермен, коммуналдық мекемелермен келіссөздер жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ