Анығы, оған дейін де криптосаудагерлер біздің нарықты әбден жаулап болған-ды. Бірақ мемлекет тарапынан соның бәрін заң нормаларымен реттеп, бақылап отыру жағы кемшін түсіп келген. Арнайы заңның қолданысқа енуімен көлеңкеде қалып келген сауда алаңдары мен операциялар жарыққа шықты. Сөйтіп, бір қарағанда мәселе реттелгендей болып көрінген. Алайда ақылға қонымсыз, түсініксіз бір түйткіл көптің көкейінен кетпей қойды. Осы біздің криптонарықта қанша қаражат айналып жатыр? Ресми мекемелер айтып жүрген мәлімет рас па?
Жылдық қорытынды неге жылда өзгере береді?
Қазақстан аумағындағы криптовалюталар саудасы тек Астана халықаралық қаржы орталығының тиісті лицензиясын алған биржаларда жүруі керек. Бұл талап жоғарыда аталған заңда нақты бекітілген. Оған қоса, биыл 1 мамырдан бастап Ұлттық банк те реттеуші функциясын атқара бастады. Бірақ бұл өз алдына бөлек тақырып. Ендеше біздің нарықтағы бүкіл сауда осы орталықтың бақылауында болуы керек деген сөз. Бұлай болатын себебі, АХҚО – ерекше құқықтық мәртебесі бар мекеме. Оның аумағында Қазақстан заңдары жүрмейді, «халықаралық» деп аталатын себебі де сол. Сол үшін криптовалюта саудасына ел аумағында тыйым салынып, АХҚО сауда алаңдарында ғана рұқсат етілген. Соған сай, біздегі сауда операцияларының бүкіл мәліметін сол жақтан аламыз.
Ал енді сол АХҚО-мыз не дейді? Орталық басшысы Ренат Бектұров әлеуметтік желіде 2024 жылы сауда көлемі 800 млн доллар болғанын бір жариялады. Алайда Бектұров осы сөзімен өзін ұстап бергендей әсер қалдырды. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жағдайды түбегейлі қайта қарайтындай сын айтты. Сарапшылардың дерегіне сүйенген Мемлекет басшысының сөзінше, орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небәрі 5%-ы ғана пайдаланады, қалғаны астыртын жұмыс істейді. Соған байланысты цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек екенін реттеуші органға тапсырды.
Бұл сөз Бектұровты бастапқы сөзін өзгертуге мәжбүр етті ме деп қалдық. Артынша АХҚО 2024 жылды «тағы бір қорытындылап», солардың аясында жұмыс істейтін цифрлық активтерге қызмет көрсету провайдерлеріндегі, яғни криптобиржалардағы сауда көлемі 1,4 млрд доллардан, ал олардың клиенттік базасы 140 мыңнан асқанын жариялады.
Бектұров бастаған команданың қызықты ақпараттары мұнымен бітпейді. Енді орталықтың 2025 жылдың 30 желтоқсанында жариялаған деректеріне қарайық. Әлеуметтік желіге әдемілеп безендіріп салған қорытынды сандарда жылды 6,8 млрд доллармен аяқтағаны айтылады. Ал 2024 жылдың мәліметі 2,9 млрд доллар болып кеткен. Осыған дейін бір құбылған статистика қайтара өңін айналдырғаны қалай?! Мұнысын енді қайтіп түсіндіретіні қызық болып тұр.
Chainalysis деректеріне жауап бола ма?
Ресми мәліметтер осылай шатасып жатқанда, бізде екінші сұрақ туындайды. Шынымен, АХҚО деректерінің бұлай өзгеруіне не себеп? Жалпы, Тоқаев әлгі 5%-дық мәліметті қайдан алды? Әлемде осы нарықты сараптап, талдап отыратын бірнеше ұйым бар. Солардың бірі әрі танымалы АҚШ-та орналасқан Chainalysis компаниясының ақпараты біздің құзырлы органдарға тыным бермей тұр. Президенттің де өз сөзін солардың деректерінен сабақтатып отырғаны белгілі. Ал енді сол компания не дейді? 2024 жылдың ортасына қарай зерттеуін жариялап, біздегі сауда айлалымының көлемі 4,1 млрд доллардан асып түскенін хабарлады. Ол уақытта АХҚО «Қазақстандағы криптовалюта саудасы 2023 жылы 240 млн доллар болды» деп жүрген кез. Кейін сол уақыттағы Қаржылық мониторинг агенттінің басшысы Дмитрий Малахов та мекемеаралық бір жиында орасан миллиардтардың көзден таса жүріп жатқанын мәлімдеп, соның тек 12%-ы ғана ресми алаңдарда саудаланатынын мәлімдеген. Сол үшін тиісті шаралар қабылдауға кірісетіндерін де айтқан еді. Қош, мұны бір деп қоялық.
Одан соң былтыр әлгі халықаралық компания 2024 жылдың қорытындысы бойынша бізге тек сырттан кірген қаражат көлемі 15 млрд доллар болғанын және айтып салды. Ақылға салса, оның кері шығысы да болуы керек. Сайып келгенде, әңгіме 30 млрд доллардың төңірегінде болуы да мүмкін. Бірақ мәселе онда емес. Ал Бекторовқа салса, сауданың нақты көлемі 1,4 млрд доллардан аспайды. Бұл қайшылық, әлбетте тиісті органдардың назарынан тыс қалмады. Соның ақыры Президентке де жеткен болуы керек.
Бірақ, өкінішке қарай, осыдан кейін біздің нарықтағы көлеңкелі айналым туралы ақпарат жоқ. Өйткені ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс отырыстарының бірінде ол мәліметтерге сенімсіздік тудырып, көз жеткізу қажеттілігі туралы айтқан болатын. Кейін олардың өздеріне сұрау салдырып, мәліметтеріне сенімсіздік тудырған соң ол ұйым Қазақстаннан іргесін аулақ салғандай болды. Себебі көлеңкелі айналым ақпараты жарияланбай кетті. Дегенмен орасан қаражат айналымы мен Тоқаев айтқан 95% криптоинвесторлар мәселесі шешімі табылмаған сұрақ күйінде қалды.
Бір жағынан, шынымен сол орасан қаражаттарға күдік тудыруға да болар еді. Бірақ мәселенің екінші ұшы шыға келді. Зерттеумен айналысып жатқан мамандардың есебіне қарағанда, Қазақстан аумағындағы сол құзырлы органдардың бақылауынан тыс жүріп жатқан айналымның 83%-ы орталықтандырылған криптобиржалар арқылы өткен әрі бұлар АХҚО-ның лицензиялы криптобиржалары емес. Соның ішінде шамамен 50%-ы Binance.com платформасына тиесілі болған. Егер көлеңкелі айналым айталық, 30 млрд доллар десек, онда Binance.com-ға тиесілі көлемі 11 млрд доллардың айналасы деген сөз. Осы саладан хабары бар жұртшылық үшін әбден мәлім болса да әзірге құзырлы органдар осы олқылық үшін тұшымды жауап бере алмай келеді.
Екінші жағынан, көлеңкелі айналым көлеміне қатысты тың мәліметті енді кімнен алып отырамыз? Ал мұндай тәуелсіз ұйымдардың сараптамасы нарығы жаңадан қалыптасқан біз сияқты елдер үшін ауадай қажет. Себебі криптовалюталар саудасын бақылаушы органдар мұқият қадағалап отырмаса, олардан келетін қауіп орасан. Криптовалюталар бір елден бір елген кететін төлемдерді тез жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай сәттерде бақылау әлсіз болса, қылмыстық жолмен алынған қаражатты жасыру немесе заңсыз ұйымдарды қаржыландыру қылмыстарына жол ашылады. Басқаша айтқанда, жемқорлардың ұрлаған қаражатын шетелге шығарудың таптырмас құралына айналып кетуі әбден мүмкін.
Қуырдақтың көкесін Қырғызстан көрсетті
Қазақстан өз нарығымен осылай арпалысып жатқанда, көрші Қырғызстан ерекше жаңалығымен таңғалдырды. Айырқалпақ елдің Қаржы нарығын реттеу және қадағалау қызметінің есебіне сәйкес, былтыр виртуалды активтер нарығындағы жалпы айналым 31 млрд доллардан асқан, яғни бұл ресми ақпарат. Криптонарығы шын мәнінде қарқындап өскені көрініп тұр. 2025 жылы криптовалюта нарығындағы операциялар 2024 жылмен салыстырғанда, үш есеге артқан. Бұл нарығы алғаш 2022 жылы заңмен реттеле бастаған кезде айналым небәрі 8 млн доллар ғана еді.
Бұл жаңалық, әлбетте біздің нарықтағы жауапты тұлғаларды ойлантпай қоймасы анық. Шекаралас ел өз нарығының ауқымын бірер жылда небәрі 8 миллионнан ондаған миллиардқа жеткізіп жатқанда, біздің нарық неге солай өспейді? Осыдан соң жуырда, мамырдың соңына қарай АХҚО тағы бір жылдық қорытынды ақпаратын жариялады. Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, толық реттеу режимі аясында цифрлық активтер қызметтерін көрсетуші 9 ұйым қадағалауда болған, тағы 19-ы FinTech Lab алаңында жұмыс істеген. Нәтижесінде былтыр криптобиржалар жүзеге асырған транзакциялардың жалпы көлемі 10,58 млрд долларды құрағанын, ал клиенттік база шамамен 215 мың пайдаланушыға жеткенін қуана хабарлады. Бұған дейін айтылған 6,8 млрд доллар осылай тағы 4 млрд долларға көбейіп шыға келді.
Бұдан бөлек, мына бәр жайтты да айтпай кетуге болмайды. Әңгіме тағы Қырғызстан деректеріне қатысты. 2025 жылдың алғашқы 11 айының өзінде-ақ Қырғызстанның криптонарығы бюджетке 2,1 млрд сом кіріс әкелген, бұл шамамен 11,1 млрд теңгеге тең. Ал біздегі бейресми деректерге сілтеген мамандардың пікіріне қарағанда, 2025 жылға арналған цифрлық активтер бойынша мәліметтерде АХҚО криптобиржаларынан Қазақстан бюджетіне түскен теңге 300 миллионға жетпейді. Әлгінде жалпы айналым көлемінің өзі бірнеше рет өзгертіліп, соның өзінде Қырғызстаннан үш еседей аз болып тұрса, салық түсімдерінің көлемі жағдайды тіпті күрделендіріп тұр. Қарапайым есепке салсақ, екі ел арасындағы айырмашылық 38 есеге дейін жетіп отыр. Біздегі нарықтағы жалпы айналым көлемін бір ретке келтіру қиындап жатқанда салық түсімдерінің айырмашылығы онсыз да бұлыңғыр статистиканы одан әрі ушықтырды-ау дейміз. Әйтеуір, аяқасты 10 млрд доллардан асып кеткені бәрімізге жұмбақ. «Көршіден қалмайық» деген дүрмекпен статистиканы қолдан салып жатыр дегіміз келмейді. Алайда қайта-қайта құбылатын деректерге бір тоқтам керек-ақ.
Ербол ТҰРЫМБЕТ