Алакөл ауданының Көктұма ауылында ауа райы күрт бұзылып, қатты жел мен толқындар судағы демалушыларға қауіп төндірді, – деп жазды Aikyn.kz.
Туристік маусым кезінде Алакөл жағалауында қызмет атқарып жүрген полиция майоры Жақсылық Сәрсенов жағадан шамамен 500 метр қашықтықта сапбордпен жүрген төрт адамды байқады.
Олардың екеуі жағаға өз күштерімен жетуге тырысқанымен, қолайсыз ауа райының салдарынан қауіпті жағдайға тап болған. Уақыт жоғалтпай, полицей Көктұма ауылының тұрғынымен бірге көмекке асықты.
Алдымен олар Ресей Федерациясының Магадан қаласынан келген турист әйелді құтқарып, жағаға аман-есен шығарды. Кейін оның құтқару кеудешесін пайдаланып, екінші турист әйелге жетіп, оны да қауіпсіз жерге алып шықты.
Құтқарылғандардың айтуынша, жүзе алмайтын және құтқару кеудешесін кимеген 30 жастағы тағы бір әйел су үстінде қалып қойған. Сонымен қатар суда Алматы қаласынан келген тағы екі демалушы болған.
“112” қызметіне хабарласқан кезде құтқарушылардың келуіне белгілі бір уақыт қажет екені анықталған. Осыған байланысты полиция майоры Жақсылық Сәрсенов пен Көктұма ауылының тұрғыны құтқарушылар келгенге дейін әйелге құтқару кеудешесін жеткізіп, оны су бетінде ұстап тұрып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Батылдықтың, жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында бірнеше адамның өмірі құтқарылды. Құтқарылғандар өздеріне дер кезінде көмек көрсетіп, жанашырлық танытқан азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды, ауа райы жағдайын ескеруді және көлде демалу кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалануды ескертті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.