Енді еліміз де алғаш рет өнер ұжымының танымал қойылымының әлемдік гастрольдік бағытына еніп, OVO халықаралық гастрольдік туры өткен 47-ел атанды. Қазір Cirque du Soleil ұжымы алғаш рет Алматыға келіп, қала жұртын қуанышқа кенелтті. OVO шоуы Almaty Arena сахнасында 14 маусымға дейін жалғасады. Жалпы, ел бойынша 14 қойылым жоспарланған, ал ұйымдастырушылар шамамен 70 мың көрермен көзайым болады деп болжам жасайды.
Жануардан бас тартқан цирк
Алдымен Cirque du Soleil-дің тарихына көз жүгіртуді жөн деп таптық, себебі әдетте цирк дегенде, сахналық көріністерді жан-жануарсыз елестету өте қиын. Cirque du Soleil – осы бір түсінікті бұзып, әлемдік цирк сахнасына құбылыс сыйлаған ұжым. Cirque du Soleil сахнадан жануарларды толық алып тастап, цирк өнеріндегі ең ірі революцияны жасады. Бұл шешім компанияның бастапқы кезеңінен-ақ қабылданып, циркті тек адам мүмкіндігіне, акробатика мен театрлық өнерге сүйенген жаңа форматқа өзгертті. Осылайша, цирк классикалық «нөмірлер тізбегін» емес, тұтас бір сюжеттік спектакль ұсынады. Сахналық қойылым бағдарламасында би, театр, акробатика, жанды музыка бір арнаға тоғысады.
Цирк тарихы 1980 жылдары Канаданың Квебек қаласында бастау алған. Бүгінде компанияның атағы жер-жаһанға тарап, қойылымдарын әлемнің 450-ден аса қаласында жүздеген миллион көрермен тамашалаған. Du Soleil 42 жылдық тарихында Қазақстанға екінші мәрте келіп отыр. Танымал ұжым елімізде EXPO-2017 халықаралық көрмесі өткен кезде өнерін паш етіп еді. Қазір компанияда 80-нен аса ұлттың 4 мың қызметкері еңбек етіп келеді, соның ішінде 1 200 әртіс жұмыс істейді. Айтарлығы, Cirque du Soleil биыл бір уақытта 17 шоу көрсетуді жоспарлап отыр.
OVO шоуына шолу
Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының бірі – OVO шоуы. OVO сөзі португал тілінен аударғанда, «жұмыртқа» деген мағына береді. Сахналық туынды жәндіктердің беймәлім бір жұмыртқаны тауып алуымен басталады, одан кейінгі оқиғалар да осы жұмыртқаға байланысты өрбіп отырады. Дәстүрлі цирк ұғымын түбегейлі бұзған ұжымның өнеріне сүйсініп, театрландырылған көрініске куә болғандаймыз. Шоу табиғаттың кішкентай бөлшегінің де маңызы мен мәнін түсіндіріп, табиғаттағы қайнап жатқан тұтас тіршілікке назар аудартты. Жәндіктер арасындағы достық, сүйіспеншілік, махаббат хикаясы кішкентай көрермендердің де көңілінен шықты, қойылым сюжеті жеңіл әрі қызықты болғандықтан, кез келген жанды ынтықтырып әкетті.
– 40 жасымда әлемді дүр сілкіндірген әйгілі du Soleil циркінің өнерін тамашалау нәсіп болды. Бөлек бір әсер алдым, басқа бір елде отырғандай күй кештім. Әр әртістің көрерменге деген ықыласы мен өнерге деген құрметін сездім. Олардың әр қимылы, әуенді сезінуі, киімі, сөйлегені – бәрі-бәрі жүрекке жетті. Ешқандай жануар да жоқ, бәрі сондай жылы, экологиялық таза өткеніне қуандым, – дейді Астана тұрғыны Айдана Қамеденова.
OVO шоуы ерекше акробатикалық элементтерімен танымал. Солардың бірі – керілген арқандағы трюк. Бұл нөмірде әртіс әдеттегідей бекітілген құрылымда емес, алып қозғалмалы жапырақтың үстінде өнер көрсетті, бұл қойылымның күрделілігін бірнеше есе арттырды. Шоудағы тағы бір ерекше көріністі моңғолиялық конторсионист орындайды. Ол денесін өте күрделі қалыптарға келтіріп, бүкіл салмағын тек тісі арқылы ұстап тұратын трюктер көрсетеді. Бұдан бөлек, екі сағаттық қойылымнан көбелектердің әуедегі дуэтін, шегірткелердің трамплин арқылы қабырғаға секіруін және скарабейлердің әуедегі нөмірін, жұлдызқұрт, шыбын, құмырсқа, өзге де түрлі жәндіктің таңғаларлық қимыл-қозғалысын тамашалауға болады. Әртістер алты метрлік қашықтықтағы платформалар арасында бір-бірін лақтырып, адам трапециясына ұқсас күрделі акробатиканы орындайды. Труппаның басты ерекшелігінің бірі – орындаушылардың кәсіби деңгейі. Әртістердің елеулі бөлігі – бұрынғы спортшылар, бұл қатарда халықаралық чемпиондар, гимнасттар, кәсіби акробаттар және синхронды жүзушілер де бар. Олар күн сайын репетиция алдында 1,5 сағаттық қыздыру жаттығуларын жасайды.
OVO қойылымында музыкалық сүйемелге ерекше мән берілген. Шоудағы барлық әуен арнайы жазылған және оркестр мен вокалистер жанды дауыста орындайды. Қойылымды сахналауға жеті адамдық музыкалық топ, вокалистер мен үш клоун да қатысқан. Байқағаныңыздай, өнер ұжымы көрермен назарына ұсынатын туындыны қай қырынан да сапалы дайындауға күш салады. Әртістер қауіпті трюктер ғана орындап қойған жоқ, олардың әрбірінің жанарында жарқыл бар, харизмасы, актерлік шеберлігі, көрерменмен өзара байланысы бәрінен де шынайы шықты. Бұл туындыда қарапайым көрерменді де сахнаға алып шығып, ерекше импровизациялық ойындар көрініс табады. Өнер ұжымы қауіпсіздік пен технологияның дамығанына қарамастан, шоудағы акробатикалық элементтерді еш сақтандырусыз жасайды. Осындай ерекше қойылымды қазақ жұртына ұсынуға бір жарым жылдан аса уақыт кеткен екен. Қызығы, бұл шоу осыдан бір жарым жыл бұрын ғана қайта өңделіп, көрерменге жаңа нұсқада ұсынылған. Декорациялар, музыка, костюмдер, кейіпкерлер жаңартудан өтіп, бағдарламаға жаңа акробатикалық нөмірлер енген.
Қойылымды әлемге әйгілі бразилиялық хореограф Дебора Колкер жасаған. Компания өкілдерінің айтуынша, ол жәндіктер әлеміне деген ұзақ жылдық қызығушылығы арқылы тұтас көркем әлем қалыптастырған. Ал Cirque du Soleil көркемдік директоры Олаф Трибель әр шоуды дайындауға кемі үш жыл уақыт кететінін айтты.
– Жаңа қойылым идеясы пайда болған сәттен бастап премьераға дейін әдетте үш жыл өтеді. Алдымен режиссер мен шығармашылық топ концепция мен сюжетті әзірлейді, кейін жарық, декорация дизайнерлері мен композитор қосылады. Шамамен бір жыл бұрын кастинг басталады, кейін әртістер Монреальда қарқынды дайындықтан өтеді, – дейді Олаф Трибель.
Бір қойылым үшін екі ұшақ...
– Бүгінде Астана мен Алматыда цирк талаптарына толық сәйкес келетін екі алаң бар. Ақпан айында біз Cirque du Soleil инженерлерімен бірге нысандарды тексердік. Құрылымдардың жүк көтерімділігі, инженерлік жүйелердің тұрақтылығы, электрмен жабдықтау мен интернет байланысының сенімділігі тексерілді. Тек инженерлердің оң қорытындысынан кейін ғана шоу өткізу және билет сатуды бастау туралы шешім қабылданды, – дейді жобаның ұйымдастырушысы Виктория Торгунакова.
Ел тарихында мұндай ауқымды бағыттағы іс-шара болған емес. Барлық жабдықты, декорациялар мен әртістердің сахналық бейнесін жасауға қажетті заттарды тасымалдау үшін кемінде екі жүк Boeing ұшағын тартуға тура келді, яғни Қазақстанға 200 тоннадан аса жүк әкелініпті. Ұйымдастырушының айтуынша, цирк кір жуу, үтіктеу, ас әзірлеу, киім тігу қызметтері мен жабдықтарын да өзімен бірге алып жүреді. Ұшақтардың бірі жартылай ас әзірлеуге лайықталған, себебі күрделі жанрдағы әртістердің ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істеуі үшін талапқа сәйкес мәзір дайындалады. Ал OVO шоуы үшін 800 костюм элементі қолданылған, барлық костюм Cirque du Soleil компаниясының Монреальдағы шығармашылық орталығында арнайы тігіледі. Гарстрольдік турдағы әртіс киімдерін бес маман қадағалап отырады. Әр костюм әртістің жеке ерекшелігіне лайықталып дайындалады, ал әртістер сахна сыртында гримді өзі жасайтынын білгенде, қатты таңғалдық.
– Cirque du Soleil-де әр әртіс гримін өзі жасайды. Бұл өнерге бізді алғаш рет 2017 жылы үйреткенде, маған образды жасау үшін шамамен бір жарым-екі сағат уақыт кететін. Қазір көпжылдық тәжірибенің арқасында бұл тапсырманы 10-15 минуттың ішінде орындай аламын, – дейді цирк әртісі Дмитрий Федоровский.
Ерекше айтарлық тұс, жобаны ұйымдастырушылар әлеуметтік қолдауға да айрықша көңіл бөлген. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік мекемелердегі бүлдіршіндерге 200-ден аса билетті сыйға берген.
Айсұлу СЪЕЗХАН