"Немересін құтқармақ болған": Қостанай облысында екі адам өзенге батып кетті

Өзен жағасында ойнап жүрген 6 жасар бала сүрініп, суға құлап кеткен.

Қостанай облысында суға кеткен атасы мен немересінің денесі іздестіріліп жатыр. Үш бірдей сүңгуірлер бригадасы өзенді сүзіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының маңындағы Тобыл өзені жағалауында болған. Бір отбасы демалуға табиғат  аясына шыққан. Өзен жағасында ойнап жүрген 6 жасар бала сүрініп, суға құлап кеткен. Мұны көрген атасы немересін құтқаруға суға секірген. Алайда екеуін де өзен ағысы алып кеткен.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды. Іздестіру-құтқаруға 40-қа жуық маман, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон тартылған. Олар су астынан бастап, көктен де қарап, жағалаудың бәрін жаяу аралап іздеу үстінде. Осы уақытқа дейін отыз екі мың шаршы метр аумақты қараған. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

"Бала су жиегінде ойнап жүріп қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Оқиғаны көрген атасы немересін құтқаруға ұмтылғанымен, өзеннің қатты ағысы екеуін де ағыс бойымен алып кеткен. Үш сүңгуір жұмыс істеп, іздестіру жалғасып жатыр", - дейді Қостанай облысы ТЖД инженері Аружан Ахметжанова.

Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, баланы қараусыз қалдырмауға және шомылуға тыйым салынған жерге түспеуге шақырады.