"Егіс алқабын дәрілеген": СҚО-да ер адамның өліміне байланысты тергеу басталды

Мерт болған ер адам Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка елді мекенінің тұрғыны.

Солтүстік Қазақстан облысында 46 жастағы ер адам көз жұмған жазатайым оқиғаға байланысты тергеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқиға 14 маусым күні Тимирязев ауданы Ленин ауылдық округіндегі «Қазақстан Бидайы» ЖШС-нің егіс алқабында болған.  СҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, мерт болған ер адам – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка елді мекенінің тұрғыны. Шаруашылықтың механизаторы сол күні сағат 10.00 шамасында алқапты химиялық дәрілеген. 

Ал сағат 23.00 шамасында жағдайы күрт нашарлап, әріптесі жедел жәрдем шақыртқан. Уақыт өткізбеу үшін ол ер адамды көлігіне отырғызып, жолға қарай шығады. Алайда жедел жәрдем бригадасы оның өмірін сақтап қала алмайды. 

Қайтыс болу себебін анықтау мақсатында марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Қазір осы оқиға бойынша өндірістегі жазатайым жағдайдың мән-жайын жан-жақты анықтау үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің арнайы комиссиясы құрылып, арнайы тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.