"Жақын адамымыздан айырылдық": Дана Нұржігіт қайғылы жазба жариялады

Рафаил Розенсон – Астанада ұзақ жылдар еңбек еткен медицина ғылымдарының докторы, профессор, аллерголог-иммунолог және педиатр ретінде кеңінен танылған маман.

Журналист әрі тележүргізуші Дана Нұржігіт Астанадағы танымал аллерголог-иммунолог, педиатр, медицина ғылымдарының докторы Рафаил Розенсонның дүниеден өткенін хабарлап, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, марқұм ұлының өмірінде ерекше орын алған әрі әрдайым үлкен құрметпен қараған.

– Рафаил Иосифович Розенсон өмірден өтіпті. Біз ұлыммен оны "Сиқырлы дәрігер" деп атайтынбыз. Бес жасар Әлім алғашқы қабылдаудан кейін оған осы атты қойған еді. Қазір ұлым 15 жаста. Рафаил Иосифовичті Астанадағы көптеген ата-ана мен балалар жақсы білетін. Иммунолог, аллерголог, педиатр, профессор, ғалым. Құдай берген дәрігер, нағыз зиялы жан еді», – деп жазды Дана Нұржігіт.

Журналист Рафаил Розенсон бүкіл ғұмырын адам денсаулығына арнап, дәрігерлік қызметпен қатар ғылыми және педагогикалық еңбекпен де айналысқанын жеткізді. 

«Күн сайын ол өз ісін адал атқарды – емдеді, кеңес берді, дәріс оқыды, адамдарға қызмет етті. Себебі дәрігерлік – қызмет ету мамандығы», – деді ол.

Айтуынша, марқұм дәрігер оның отбасына ерекше жанашырлық танытқан.

«Әрдайым мейірімді, жанашыр Рафаил Иосифович бізге көмектесуге асығатын. Әрқашан. Ол – менімен бірге ұлымды өсірген дәрігерлердің бірі. Бүгін біз жақын адамымыздан айырылдық. Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – деп түйіндеді ол.