Қазақстанның теміржол машина жасаудағы өндірісі 22,5 пайызға өсті

Жалпы, осы жылғы бес айда салада вагондардың барлық түрлері бойынша оң динамика байқалуда. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда кемінде 9%-ға, ал жекелеген өнім түрлері бойынша 1,7 есеге өсті.

Мемлекет басшысының көлік әлеуетін дамыту және елдің өнеркәсіптік негізін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде теміржол машина жасау отандық индустрияның негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, бүгінде сектордың машина жасаудағы үлесі 13%-ға жеткен. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өндіріс көлемі 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті.

– Жалпы, соңғы бес жылда вагон паркін жаңартуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде салада инвестицияның өсуі байқалады. Біз Wabtec, Alstom және Stadler секілді жетекші әлемдік компаниялардың өндірістерін іске қосу арқылы капиталды тартып, саланы сапалы өзгерте алдық, – деді министр.

Бүгінде өнімнің жекелеген түрлері бойынша локализациялау деңгейі 35-40%-ға жетті. Локализацияны одан әрі дамыту отандық компаниялармен кооперацияны кеңейтіп, жаңа қосалқы бөлшектерді игеру және бірлескен өндіріс құру арқылы жалғасып жатыр.