"Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов 2026 жылғы 16 маусымда пойыз билеттерінің бағасына қатысты шағымдарға түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы бірқалыпты сақталады.
– Мұнда ең алдымен салыстыру қай кезеңде жүргізіліп жатқанын ескеру маңызды. Теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы бірқалыпты сақталады. Яғни, маусымға немесе тәулік уақытына қарамастан, бізде бірдей тариф қолданылады. Сіз айтқан 35 мың теңге – қаңтардан желтоқсанға дейін өзгермейтін баға. Баға жыл сайын Көлік министрлігімен жасалған келісімшартқа сәйкес индексацияланады", – деді Әнуар Ахметжанов.
Айтуынша, өткен жылғы инфляция деңгейі 12 пайыздан асқан, ал теміржол билеттерінің бағасы 1 сәуірден бастап тек 7 пайызға ғана өскен. Демек, тариф өсімі инфляция деңгейінен төмен.
"Енді әуе билеттерімен салыстыруға келсек, бұл жерде маңызды нюанстар бар. Кей кезеңдерде, әсіресе маусымаралық уақытта, әуе билеттері пойыз билеттерімен шамалас болуы мүмкін, тіпті кейде пойыз билеттері қымбат көрінуі ықтимал. Бірақ маусымның қызған кезінде әуе билеттері 70, 80, тіпті 100 мың теңгеге дейін жетеді. Сондықтан дұрыс салыстыру үшін жылдық орташа баға мен әртүрлі маусымдарды ескеру қажет. Мұны кез келген сайттан тексеруге болады", – деді ол.
Сондай-ақ ол авиация саласында сұраныс пен ұсынысқа байланысты динамикалық баға белгілеу жүйесі қолданылатынын атап өтті.