Ұлытауда геологиялық барлау екі есеге ұлғайды

Ұлытау облысында жаңа кен қорларын анықтауға бағытталған геологиялық барлау жұмыстары қарқын алып келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі бөлігі Қазақстанның мыс өнеркәсібінің тарихи орталығы саналатын Жезқазған өңірінде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2026 жылы «Қазақмыс» геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін едәуір арттырды. Бұған дейін бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 2 миллиард 500 миллион теңге жұмсалса, қазір инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеге дейін жеткен. Қаражат Жезқазған кен алабының терең қабаттарын зерттеуге, жаңа перспективалы учаскелерді анықтауға және өңірдің минералдық-шикізат қорын кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар бұрғылау жұмыстарының көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Егер алдыңғы жылдары пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына шамамен 63 мың метрді құраса, биыл тек Жезқазған бағыты бойынша геологиялық барлау үшін 62 мың 400 метр бұрғылау жүргізу жоспарланып отыр. Жезқазған компанияның геологиялық барлау бағдарламасындағы негізгі үш өңірдің бірі болғандықтан, жалпы барлау жұмыстарының ауқымы шамамен екі есеге артқан.

Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Ұлытау облысында алты заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы іске қосылды. Сонымен бірге жалпы құны 1 миллиард 300 миллион теңге болатын үш жерасты бұрғылау агрегаты мен қосымша техниканы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, екі жерүсті бұрғылау қондырғысы күрделі жөндеуден өткізіліп, өндірістік инфрақұрылым жаңартылып жатыр.

Өткен жылы жүргізілген геофизикалық зерттеулер нәтижесінде үш перспективалы учаске анықталып, бүгінде сол аумақтарда бұрғылау жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Оңтүстік Итауыз, Соркұдық–Жартас және Жыланды кен орындары тобында қосымша зерттеу жүргізілуде. Терең қабаттардағы барлау жұмыстары Жезқазған кен орнының геологиялық құрылымы жөнінде жаңа мәліметтер алуға және тереңде орналасқан кен денелерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

Кен орындарының терең қабаты мен қапталдарын зерттеуге бағытталған жобаларға техника шығындарын қоспағанда 2 миллиард 270 миллион теңге инвестиция салынған. Мамыр айынан бастап қосымша бұрғылау күштері жұмылдырылып, шілде айына қарай өндірістік алаңдардағы бұрғылау қондырғыларының санын онға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жүргізілген жүйелі геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде көлемі 63 миллион 500 мың тонна кенді құрайтын резервтік қор қалыптастырылды. Оның құрамында 620 мың 300 тонна мыс пен 12,9 тонна алтын бар. Бұл қордың едәуір бөлігі мемлекеттік балансқа енгізілген.

«Қазақмыс» геологиялық зерттеулерде цифрлық технологияларды да кеңінен қолдануда. Компания бөлімшелерінде кен орындарының үшөлшемді моделін жасауға және геологиялық деректерді дәлірек талдауға мүмкіндік беретін Micromine жүйесі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 177 маман арнайы оқытудан өткен. Алдағы уақытта жүйені пайдаланатын қызметкерлер санын 401 адамға дейін арттыру жоспарланған.

Компания өкілдерінің айтуынша, Ұлытау облысындағы геологиялық барлау жұмыстарының кеңеюі өңірдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған маңызды инвестиция болып саналады. Жаңа қорлардың анықталуы өндірістік қуаттарды тұрақты жүктемемен қамтамасыз етіп, жұмыскерлердің ұзақ мерзімді жұмыспен қамтылуына және Жезқазған өңіріндегі тау-кен металлургия кешенінің одан әрі дамуына ықпал етеді.