Алматыда зейнеткерлерді алдап, 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған топ ұсталды

Қалалық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген арнайы шаралар барысында күдіктілер анықталып, ұсталды.

Алматы қаласында қарт адамдарды нысанаға алып, интернет арқылы алаяқтық жасаған қылмыстық топтың қызметі әшкереленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қалалық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген арнайы шаралар барысында күдіктілер анықталып, ұсталды.

Тергеу мәліметінше, алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының және қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап келген. Олар жәбірленушілерді тұрғын үйлерін сатуға көндіріп, түскен қаражатты өз бақылауындағы шоттарға аударуға мәжбүрлеген.

Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 1 миллиард 500 миллион теңгеден асқан.

Тергеп-тексеру барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен оған қатысқан тұлғалар анықталды. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы  4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сараланды.

Сот күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтап, іске қатысы бар өзге де тұлғаларды белгілеу бағытында жұмыстар жүргізуде.