Атырау облысында «Таза мекен» экологиялық акциясы өтті

Теңіз ауылы өңірдегі маңызды туристік бағыттардың бірі саналады.

Құрманғазы ауданында қоршаған ортаны қорғау мен туристік аймақтарды тазарту мақсатында «Таза мекен» экологиялық акциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара Теңіз ауылындағы Қиғаш өзенінің жағалауы мен демалыс орындарын тазалауға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жастар мен еріктілерді табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталды.

Тазалық жұмыстары барысында қатысушылар Қиғаш өзенінің жағалауы мен демалыс орындарын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар «Волонтерлік негіздері. Эковолонтерлік» тақырыбында арнайы таныстырылым өтіп, экологиялық волонтерліктің қоғамдағы рөлі мен маңызы түсіндірілді.

Теңіз ауылы өңірдегі маңызды туристік бағыттардың бірі саналады. Әсіресе,  шілде-тамыз айларында гүлдейтін лотос алқаптары көптеген туристің қызығушылығын тудырады. Осыған байланысты акция туристік маусым қарсаңында өткізіліп, табиғи аумақтардың тазалығын сақтау мен өңірдің экологиялық тартымдылығын арттыруды көздеді.

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталып, ынталандыру мақсатында лотерея ұйымдастырылды.