Сот отырысында айыпталушы Сәрсемәлиев отбасында туындаған келіспеушіліктер мен қайын жұртымен арадағы қарым-қатынасқа қатысты өз көзқарасын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, бастапқыда қайынжұрты отбасыға материалдық және моральдық тұрғыда қолдау көрсеткен. Алайда уақыт өте келе ол мұндай көмектің астарында қыздарын өз қарамағында ұстау ниеті бар деп есептеген.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, жұбайы Ақбаянның денсаулығына байланысты қиын кезеңде қайынжұртымен арада түсініспеушіліктер жиілеген. Сол уақытта айтылған кейбір сөздер мен әрекеттер оның намысына тигенін айтты.
– Отбасымызға көп көмек көрсетілді, бірақ кейіннен оны қабылдамауға шешім қабылдадым. Себебі олардың қыздарын өздеріне жақын ұстауға тырысқанын байқадым. Ақбаян сырқаттанған кезде арамыздағы келіспеушіліктер күшейіп, отбасының ішкі мәселелеріне араласу әрекеттері болды, – деді ол.
Айыпталушының айтуынша, жұбайының денсаулығына байланысты туындаған қиындықтар мен отбасын сақтап қалуға деген талпыныс оған ауыр психологиялық салмақ түсірген.
– Сол кезеңде үлкен күйзелісті бастан өткердім. Ақбаянның жағдайы, отбасы үшін жауапкершілік және сырттан болған қысым жүйкеме әсер етті. Екі тарап та эмоцияға беріліп, шектен тыс әрекеттерге жол берді, – деп мәлімдеді Сәрсемәлиев.
Сот барысында ол отбасындағы жанжалдардың қалай өрбігені және олардың қарым-қатынасқа әсері туралы да түсініктеме берді.
Баян Жанұзақова