Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті азаматтың өтініші негізінде Тараз қаласындағы жанармай құю бекеттерінің біріне жоспардан тыс тексеру жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру барысында тұтынушыларға мұнай өнімдерін беру кезінде пайдаланылатын жанармай құю бағанының қолданыстағы тексеруден (салыстырып тексеруден) өтпегені, яғни оның жарамдылығын растайтын тиісті сертификаты жоқ екені анықталды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұнай өнімдерін босату кезінде қолданылатын өлшеу құралдары мемлекеттік метрологиялық бақылау нысандарына жатады және пайдалану кезеңінде міндетті түрде тексеруден өтуге тиіс.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл мөлшері 230 айлық есептік көрсеткішті құрады. Қысқартылған тәртіппен кәсіпкер 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 497 375 теңге айыппұл төледі.
Сонымен қатар кәсіпкерге анықталған заң бұзушылықтарды жою және қызметін өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкестендіру жөнінде нұсқама берілді.
Департамент өлшем бірлігін қамтамасыз ету талаптарын сақтау тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың және мұнай өнімдерін өткізу кезінде өлшеу нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі екенін еске салады.