Павлодардағы өрт: терезеден секірген 23 жастағы қыз ауруханада көз жұмды

Дәрігерлердің мәліметінше, Павлодар қаласында өрт кезінде терезеден секірген 23 жастағы бойжеткен ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Бірақ жүргізілген барлық медициналық шараға қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 12 маусым күні таңғы сағат 04:00 шамасында Баян батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерде шыққан. Жалпы ауданы 20 шаршы метр аумақта жиһаз, тұрмыстық заттар мен терезелер отқа оранған. Өрт жарты сағаттан кейін ғана толық сөндірілді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенге дейін жанып жатқан пәтерден 23 жастағы қыз терезеден секіріп кеткен. Сондай-ақ құтқарушылар үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Оқиға орнында екі жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жұмыс істеген. Жалпы алғанда, алты адам зардап шеккен.

«2003 жылы туған бойжеткен ауыр жағдайда Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ 1972 жылғы ер адам мен 1973 жылғы әйел адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылды», – деп хабарлады облыстық жедел жәрдем стансасы.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегуші ауруханаға сағат 04:25-те жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, сағат 05:50-де оның биологиялық өлімі тіркелген.

«Өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді», – делінген ресми хабарламада.

Ал тағы үш адам – 8 жастағы қыз бала, 18 жастағы бозбала және 66 жастағы қария алғашқы медициналық көмектен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан.