ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Шараға «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев және құрметті төрағасы Оралбай Әбдікәрімов қатысып, әскери қызметшілермен «Жастардың құқықтық тәрбиесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» тақырыбында талқылау өткізді.
Кездесу барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын дәріптеу мәселелері талқыланды. Спикерлер сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін теріс әсерін атап өтіп, оған қарсы күресте әр азаматтың белсенді ұстанымы және «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстануы маңызды екенін жеткізді.
Мэлс Семғалиев жастардың құқықтық санасын арттыру арқылы ғана әділетті қоғам құруға болатынын айтты. Оралбай Әбдікәрімов болса адалдық, парасаттылық және отансүйгіштік құндылықтарының жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Әскери қызметшілер қонақтарға сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Ашық форматта өткен сұхбат құқықтық білімді кеңейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайтуға ықпал етті.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы қонақтарға мазмұнды кездесу үшін алғыс білдіріп, мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.