Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдап, шетелдік қаржыландыру алатын үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) бақылау тетіктерін күшейтуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Депутаттың айтуынша, шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстандағы гранттық жобаларды қаржыландыру үшін қомақты қаражат бөледі. Оның сөзінше, мұндай қаржыландыру есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың оң нәтижелері көп болғанымен, кей жағдайларда шетелдік гранттар «жұмсақ күштің» құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
«Кейбір жағдайларда мұндай қаржыландыру елімізде қоғамдық келісімді әлсіретуге, қазақстандық қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін бөгде көзқарастар мен шетелдік саясатты ілгерілетуге бағытталуы мүмкін», – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның мәліметінше, жүргізілген талдау Қазақстандағы ҮЕҰ-ларды шетелдік қаржыландыруды бақылауға қатысты заңнаманың шектеулі екенін көрсеткен.
Депутат қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағына сәйкес шетелдік қаржыландыру туралы есеп тек қызметтің үш бағыты бойынша ғана ұсынылатынын атап өтті. Олар – заң көмегін көрсету, қоғамдық пікір мен социологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ ақпаратты жинау, талдау және тарату.
«Аталған тізімге кірмейтін барлық өзге қызмет түрлері мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр. Мысалы, мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін жоба қайырымдылық қызмет ретінде көрсетіліп қаржыландырылуы мүмкін», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Мемлекеттік кірістер комитетінің банк операциялары туралы ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмайтынын және шетелден келетін қаржы ағындары жөніндегі өзекті мәліметтерді тұрақты негізде ала алмайтынын айтты.
Жарқынбек Амантайұлының дерегінше, биыл наурыз айында жарияланған тізілімге небәрі 155 шетелдік қаржыландыру алушы енгізілген. Олар шамамен 12 миллиард теңге көлемінде қаражат алған.
Депутат мемлекеттік органдарда ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің шетелдік қаржыландырылуы туралы толық әрі объективті ақпарат жоқ екенін атап өтті.
Осыған байланысты ол Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағындағы шектеулерді қайта қарауды, барлық ҮЕҰ-лардың шетелдік қаржыландырылуын бақылау мүмкіндігін кеңейтуді, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдарынан ақпарат алу өкілеттіктерін күшейтуді ұсынды.