Жезқазған өндірістік алаңын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

Нұрлан Артықбаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту компания дамуының стратегиялық бағытының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Қазақмыс» компаниялар тобының иесі Нұрлан Артықбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен бірге Жезқазған өндірістік алаңының негізгі нысандарын аралады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жұмыс сапары барысында инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесі, өндірістің тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық жаңғырту және өндірістік қуатты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Сапар аясында Жезқазған мыс балқыту зауытына ерекше назар аударылды. Басшылыққа өндірістік қуаттың сенімділігін арттыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жабдықты күрделі жөндеу және жаңғырту жобалары таныстырылды.

Кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту мәселесіне басымдық берілуде. Жезқазған мыс балқыту зауытында, «Қазкат» зауытында және Жезқазған байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрайтын газдандыру жобасы толық аяқталды. Жоба аясында 20 өндірістік нысан пайдалануға беріліп, негізгі технологиялық жабдық мазуттан табиғи газға көшірілді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Жезқазған мыс балқыту зауытындағы парниктік газ шығарындылары 11,79%-ға төмендеді, ал сүзгілеу-кептіру бөлімшелеріндегі көрсеткіш шамамен 80%-ға қысқарды. Жобаның жыл сайынғы экономикалық тиімділігі шамамен 4 млрд теңге деп бағалануда.

Сондай-ақ металлургиялық кешенді одан әрі дамытуға бағытталған перспективалық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы бар. Бұл жоба күкірт диоксиді шығарындыларын екі еседен астам қысқартуға және өндірісті заманауи экологиялық стандартқа сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Басым бағыттардың қатарында қуаты 35 МВт болатын газпоршеньді электр станциясын салу жобасы да бар. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 24,8 млн еуроны құрайды. Оны іске асыру кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп, жыл сайын шамамен 5,5 млрд теңге үнемдеуді қамтамасыз етеді.

Сапар барысында делегация №1, №2 және №3 Жезқазған байыту фабрикаларына да барды. Онда технологиялық жабдықты жаңғырту, шикізатты өңдеу тиімділігін арттыру және өндірістік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Сапар қорытындысында Нұрлан Артықбаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту компания дамуының стратегиялық бағытының бірі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол өндіріс, экология, қауіпсіздік және кәсіпорындарды технологиялық тұрғыдан жаңарту бағыттарына инвестиция құю алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.