Жастарға арналған квест

Қарағандыда жүзге жуық жас «Заң және тәртіп аумағы» атты жастар құқықтық квестіне қатысты. Оған облыстың қала және аудандарынан келген он команда қатысты. Іс-шара «Құқық тәртібі әліппесі» жобасы аясында ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындаған «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жұмысының бір бөлігіне айналды.

Дәстүрлі дәрістер мен дөңгелек үстелдердің орнына қатысушыларға құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысымен тәжірибе жүзінде танысу мүмкіндігі ұсынылды.

Құқықтық квестке қатысушылар алдын­да Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйледі.

– Биыл қазақстандықтар референ­думда жаңа Конституцияны қабылдап, маңызды таңдау жасады. Оның басты қағидаттарының бірі – «Заң және тәртіп» идеологиясы. Бұл – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның берік негізі. Бүгінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ер­ек­ше көңіл бөлініп отыр. Заңды білу ең алдымен өз әрекеттері мен қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілікті түсіну­ден басталады. Дәл осылай әрбір азамат­тың алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алатын ортасы қалыптаса­ды, – деді Әлібек Әлденей.

Орталық саябақта өткен ашылу салтанатында Полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы мен кинологиялық қызметінің көрсетілімдері ұйымдастырылып, арнайы техника көрмесі қойылды.

– Біздің мақсатымыз – азаматтардың тыныштығын күзетіп, адамдардың өмір­ін сақтап жүрген қызметтердің күн­делікті еңбегін көрсету. Бәлкім, бүг­і­нгі іс-шара сіздердің болашақ мамандық таңдауларыңызға ықпал етер, – деді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Заң талаптарын сақтаудың маңыз­ды­лығы туралы Қарағанды облысы Поли­ция департаменті бастығының орын­басары Жасқайрат Қайыров та атап өтті.

– Қазіргі жас буын өз құқықтарын біліп қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де терең түсінуі қажет. Заңды сақтау – азаматтық кемел­діктің және құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші, – деді ол.

Жеребе тартылғаннан кейін коман­далар тақырыптық бекеттер бойынша сапарға шықты.

Алғашқы аялдама «Құқық тәртібі аумағы» бекеті болды. Мұнда қатысу­шылар полиция қызметінің жұмысымен жақыннан танысты.

Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында жастарға болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау үдерісі көрсетілді.

Мамандандырылған өрт сөндіру бөлі­мінде және жедел-құтқару жасағында олар құтқару техникасымен танысып, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгерді.

Сондай-ақ тағы бір бекетте жедел жәрдем қызметінің мамандары алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйретті. Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері мен әскери қызметтің ерек­шеліктері туралы ақпарат берілді.

Квест қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушыларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйым­дастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар жастардың құқықтық сауаттылы­ғын арттырып қана қоймай, заң мен тәр­тіпті сақтау жолындағы жеке жауапкер­шіліктің маңызын терең түсінуге ықпал етеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы