Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, елді мекенде негізгі салаларда атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер толайым екен.
– Жыл басынан өндірілген өнеркәсіп өнімдері 11 998,8 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 96,6 пайызға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 532,7 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 21,2 пайызға орындалды.
Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамту. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7 182 шаршы метрді құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға артығымен орындалды. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 5 347,9 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 197,4 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі артып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Есепті мерзімде, ауыл шаруашылығы өнімі 4 757,9 млн теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 102,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға қолдау көрсету шаралары жалғасуда, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.
Ауданда 2026-2029 жылдарға 315,65 млрд теңгенің 12 ірі жобасы жоспарланған. Аталмыш жобалар толығымен іске асқан күнде 1 320 адам жұмыспен қамтылмақ. Оның ішінде 2026 жылға 4 жоба жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Talas Investment Company ЖШС натрий цианиді өнімінің өндіріс көлемін жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеуде. Ол үшін индустриялық аймақтан 6 гектар жер берілген. Жобаның жалпы инвестициялық құны 25 838 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау шеңберінде кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымдар – газ, электр энергиясы, ауыз және техникалық су желілері тартылған. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Зауыт іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынды пайдалануға беру ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған.
Ал Karatau Lime ЖШС қуаттылығы жылына 75 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін 1 және 2-сортты әктас өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Бүгінде 1,7 млрд теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары толықтай жүргізілген. Жоба толық іске қосылғанда 60-90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Биылға жоспарланған инвестициялық жобаның бірі – «Құлтай Ата» шаруа қожалығының ARTAZA брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру кәсіпорны. Қуаттылығы жылына 120-360 тоннаға жететін инвестжобаның құны 850 млн теңге. 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорынның қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сол секілді «Зерхат» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 1 000 тонна көкөніс сақтайтын қоймасы да биыл жүзеге асырылатын жобалардың қатарында. Жоба құны – 336,1 млн теңге. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инфрақұрылым бойынша электр энергиясы 49,4 млн теңгеге мемлекет тарапынан толықтай жүргізілген, – дейді Талас ауданының әкімі.
Бұдан бөлек, келер жылы да ауқымды жұмыс жүргізу жоспарда бар екен. Мәселен, Qazaq Energy ЖШС-ның жоба құны 87 млрд теңге болатын зауыты болашағынан көп үміт күттіріп отыр. Өндіріс ошағында жылына 30 мың тонна сары фосфор, 20 мың тонна глифосат, 10 мың тонна гексафторфосфат өндіріледі. 200 адамды жұмыспен қамтиды деп күтіліп отырған жобаның іске асыру мерзімі 2027-2029 жылдар аралығын қамтымақ.
Ал тарихы терең Талас ауданында туризмді тіктеуге бағытталған «Этноауыл» жобасы жылына өңірге қонақ болып келген 12 мыңға дейін адамға қызмет көрсетуге арналған. Жоба құны 100 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар Үшарал ауылы маңында су үнемдеу технологияларын енгізіп, тамшылатып суарумен айналысатын швейцариялық Harvest Group SA холдингіне кіретін «Харвест Агро Холдинг» ірі агроөнеркәсіп нысаны салынбақ.
Ауданда әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде жол жөндеу, ауызсу және газдандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасын табуда.
Міне, осылайша қойнауына құт қонған қарт Қаратау бөктеріндегі Талас ауданы тындырымды тірлігімен тамсандыруда. Кезінде фосфор өндірісімен Одаққа даңқы дүркіреген елді мекен 90-жылдардағы тоқыраудан кейін еңсесін тіктей алмай қалған еді. Енді, міне, тәуелсіздік таңының жаңа шуағымен ауданның ажары ашылып, Қаратаудай моноқала құлпырып, Таластың тынысы кеңейе түсуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасын тауып, әлеуметтің әлеуеті артып, өлке өрістей түсетініне бек сенімдіміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы