Соның ішінде тұрғындарды алаңдататын мәселенің бірі жыландардың елді мекендер аумағында жиі көрінуі болып отыр. Биыл Шымкент қаласында бұл мәселе ерекше өзекті болып тұр. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері құтқарушылар жыландарға қатысты 144 шақырту бойынша оқиға орнына шыққан.
Нәтижесінде 91 жылан ұсталып, қауіпсіз аумақтарға жіберілген. Ең маңыздысы – осы уақытқа дейін жылан шағу деректері тіркелмеген. Бұл көрсеткіштер мәселенің ауқымын ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігінің артқанын да аңғартады. Себебі азаматтар қатерге бас тігіп, бауырмен жорғалаушыны өздері қуып жіберуге әрекет жасамай, арнайы қызметтің көмегіне жүгінуде.
Мамандардың айтуынша, жыландардың тұрғын үйлер маңында жиі көрінуі кездейсоқ құбылыс емес. Ауа райының ысуы олардың белсенділігін арттырып қана қоймай, азық іздеу аймағын кеңейтеді. Жыландар көбіне кеміргіштер көп шоғырланған орындарға жақындайды. Сондықтан аулалардағы қалың шөп, құрылыс қалдықтары, қараусыз қалған жертөлелер мен қоқыс үйінділері олар үшін қолайлы ортаға айналады. Соңғы жылдары қала аумағының кеңеюі де табиғи мекендеу ортасының тарылуына әсер етуде. Нәтижесінде адам мен жабайы табиғаттың байланыс нүктелері көбейіп, мұндай жағдайлар жиілей түседі.
Экологтардың пікірінше, жыландардың елді мекендерге келуі табиғи тепе-теңдіктің бұзылғанын білдірмейді. Керісінше, олар экожүйенің маңызды бөлігі болып саналады. Жыландар кеміргіштердің санын реттеу арқылы ауыл шаруашылығы мен санитарлық қауіпсіздікке оң әсер етеді. Сондықтан оларды жою емес, қауіпсіз түрде табиғи ортасына қайтару маңызды.
Статистикаға назар аударсақ, 2025 жылы Шымкентте жыландарға байланысты 200-ге жуық шақырту түсіп, 116 жылан ұсталған. Ал биылғы жылдың жартысы да аяқталмай жатып, 144 шақырту тіркелген. Бұл көрсеткіш бірнеше факторды аңғартады. Біріншіден, климаттың жылынуы мен ұзаққа созылған ыстық кезеңдер бауырымен жорғалаушылардың белсенділігін күшейтеді. Екіншіден, тұрғындардың сақтық деңгейі артып, кез келген қауіп туралы дер кезінде хабарлай бастаған. Үшіншіден, жеке сектор аумақтарында санитарлық тазалық мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жыландардың көбеюінен бұрын олардың адамдар көзіне жиі түсуі байқалып отыр. Бұл урбанизациялық өзгерістер мен климаттық факторлардың қатар әсер етуінің нәтижесі.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшесінің басшысы Ербол Оспанов тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
– Күннің күрт ысуына байланысты жыландардың белсенділігі артады. Олар көбіне азық іздеп тұрғын үйлердің аулаларына, шаруашылық нысандарына немесе жертөлелерге кіруі мүмкін. Мұндай жағдайда тұрғындар жыланды өз бетінше ұстауға немесе өлтіруге әрекет жасамауы керек. Қауіпсіз арақашықтық сақтап, балалар мен үй жануарларын алыстатып, бірден 112 нөміріне хабарласқан дұрыс. Арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар қажетті құралдардың көмегімен жыланды ұстап, қауіпсіз жерге шығарады, – дейді маман.
Оның айтуынша, дер кезінде хабар беру адам өміріне төнетін қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы. Мамандардың пікірінше, жыландармен күрестің ең тиімді тәсілі – олардың тұрғын аумақтарға келуіне себеп болатын жағдайларды жою. Ол үшін аулалардағы шөптерді уақытылы орып, құрылыс қалдықтары мен қоқысты жинап отыру қажет. Жертөлелер мен қоймаларды таза ұстап, кеміргіштердің көбеюіне жол бермеу де маңызды. Сонымен қатар үйдің іргетасы, есік-терезе маңындағы саңылауларды бітеп қою қауіптің алдын алады. Жылан көрген жағдайда үрейге бой алдырмай, кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну – ең дұрыс шешім.
Шымкенттегідей жағдай климаттық өзгерістердің әсері күшейген сайын мұндай құбылыстар еліміздің өзге өңірлерінде де байқалуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың табиғатпен қауіпсіз қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы