Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне "ұлттық" мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 2026 жылы 17 маусымда Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Министрліктің мәліметінше, музейде ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, экскурсия жүргізушілері мен қор сақтаушыларды қоса алғанда, 400-ден астам маман жұмыс істейді.
– Жаңа мәртебе Ұлттық музейдің Орталық Азиядағы ең ірі музей әрі еліміздің жетекші мәдени-ағартушылық орталықтарының бірі екенін айғақтай түседі. Бүгінде музей қорында 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Мұнда 20 көрме залы, реставрация шеберханалары, зертханалар, қор сақтау орындары, ғылыми кітапхана, сондай-ақ көрме және білім беру жобаларын жүзеге асыруға арналған кеңістік бар.
Ұлттық музей көрме, ғылыми және ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді. Жыл сайын музей қабырғасында 100-ден астам халықаралық көрме мен жоба ұйымдастырылып, іс-шаралар Қазақстанның шетелдік музейлер мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталады, – деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.