«Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов Қайрат Нұртасқа не үшін ренжігенін айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Ол бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында қозғады.
Оның айтуынша, «Шаншар» театрының мерейтойлық кешіне кезінде театр сахнасынан танылған көптеген әнші шақырылған. Олардың басым бөлігі ұсынысты қабылдағанымен, концертке келмеген. Соның бірі – Қайрат Нұртас.
– «Қайратты шақыру үшін әкесі Нұртасқа өзім хабарластым. Алты ай бұрын ескерткенмін. Кейін концерт жақындағанда анасы хабарласып, Қайраттың басқа жоспарлары бар екенін айтты. Ешқашан ешкімді күштеп шақырмаймын. Бірақ "Шаншардың" мерейтойына келмегеніне шынымен көңілім қалды», – деді Уәлибек Әбдірайымов.
Өнер иесі ренішін Қайраттың өзіне, үйіне барып, айтпақ болған. Бірақ әріптестері райынан қайтарыпты.
«Жанымдағылар "одан не өзгереді?" деп тоқтатты. Содан кейін бұл ойымнан бас тарттым», – деді ол.