Мемлекет басшысы ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы.
Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды.
Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты.
Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізуде. Бүгінде еліміздегі 1 800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді.
Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз», – деді Президент.