+50 градусқа дейін күн ысиды: шілде айына арналған ауа райы болжамы

Шілдеде еліміздің солтүстік пен шығыста ауа температурасы +42...+43 градусқа дейін ысуы мүмкін.

Синоптиктер  Қазақстанда ауа температурасы +50 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап. 

Олардың айтуынша, шілде Қазақстандағы жылдың ең ыстық айы болмақ. Шілдеде елдің солтүстігі мен шығысында орташа температура +18...+23 градус шамасында болса, оңтүстікте +28...+30 градусқа дейін көтеріледі.

"Жекелеген күндері аптап ыстық күшейіп, солтүстік пен шығыста ауа температурасы +42...+43 градусқа дейін, орталық, батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде +47...+48 градусқа дейін, ал елдің оңтүстігінде +50 градусқа дейін жетуі мүмкін", - делінген хабарламада.

Аптап ыстыққа қарамастан, шілде айында қысқа мерзімді салқындау кезеңдері де болуы ықтимал. Солтүстік және шығыс облыстарда түнгі уақытта ауа температурасы кей жерлерде +5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Шілдеде Қазақстанның солтүстігінде жауын-шашын мол түседі деп күтіледі. Жаңбырмен қатар найзағай ойнап, кей жерлерде нөсер жаууы мүмкін. Жекелеген аудандарда бір тәуліктің ішінде айлық жауын-шашын мөлшері немесе одан да көп түсуі ықтимал.

Сондай-ақ Қазақстанның солтүстік, шығыс және таулы өңірлерінде қатты найзағай ойнап, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында бұршақ жаууы мүмкін.