Атырауда төрт адамның өліміне қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
18 маусымдағы сот отырысында жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызы жария етілді. Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова сотталушыдан моральдық және материалдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіруді сұрады.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев талап-арызды мойындайтынын айтты. Бірақ қаржылық жағдайына байланысты аталған соманы өтей алатынына кепілдік бере алмайтынын жеткізді.
«Талап-арызды қабылдаймын, бірақ оны қайтаратыныма кепілдік жоқ. Алдымда өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы күтіп тұр», – деді айыпталушы.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр.